Дәрігер – қастерлі мамандық

Дәрігер – қастерлі мамандық
Almaty-akshamy.kz

Бүгінде халық арасында дәрігерлер мен денсаулық сақтау жүйесі мамандарының қызметіне деген құрмет арта түскен. Өйткені, олар қарусыз майданда көзге көрінбейтін жаумен күресе білді, әрбір науқастың өмірін сақтау үшін өз өмірін қауіпке тіге жүріп, алғы шепте қызмет етті. Сол себепті біздің бүгінгі күнге аман-есен жетуіміздің артында медицина қызметкерлерінің үлкен еңбегі жатыр.

Біз бүгін сіздерді пандемия кезінде талай жанның өміріне араша түсіп, ерлікке пара-пар қызмет атқарып жүрген дәрігерлердің бірі, Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығының Алматы қаласындағы өкілдігінің медициналық авиация мобильдік бригадасының жоғары санатты фельдшері АБЫХАНОВА Сания Тоқмырзақызымен таныстырғанды жөн көрдік.  

– Сәния Тоқмырзақызы, әңгімеміздің әлқиссасын өзіңіз туралы мәліметтен бастасақ...

– Мен Алматы облысы Панфилов кентінде дүниеге келдім. 1980 жылы Талғар медициналық училищесін «Емдеу ісі» мамандығы бойынша бітіріп, «Емдеуші-фельдшер» біліктілігін алғанмын. Аталмыш оқу орнын тәмамдағаннан кейін Алматыдағы жедел медициналық жәрдем станциясына жұмысқа орналастым. Әр жылдары реанимациялық және кардиологиялық бригадалардың құрамында жұмыс істедім. Жалпы, қазақ қыздарына әсемдік пен әдемілік тән қасиет қой. Сондықтан болар, жастайымнан бортта жүретін әдемі, жылы шырайлы, әр сөзінен биязылық пен нәзіктіктің лебі есіп тұратын қыздарға, олардың ерекше талғамдағы костюмдеріне және романтикаға толы жұмыстарына қызығатынмын. 2014 жылы Алматы қаласында санитариялық авиация өкілдігі ашылған кезде, мен еш ойланбастан медициналық авиация бригадасының құрамында жедел жәрдеммен жұмысты қатар атқарып жүрдім. Кейіннен 2018 жылы Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығында қызмет етуге толықтай ауыстым. 

– Сіздің ойыңызша, дәрігер болу үшін адам қандай қасиеттерге ие болуы керек?

– Адам өміріне араша түсетін дәрігерлік мамандықты таңдау үлкен жауапкершілікті жүктейді. Сондықтан, менің түсінігімде дәрігер болу үшін ең алдымен адамға шексіз мейірімділік пен үлкен жүрек керек. Адамның тәнін ғана емес, жанын емдей алатын психолог бола білу де - дәрігерге тән қасиет. Яғни, мамандықты сүю керек.  

– Айтыңызшы, науқастың сырқатынан айығуы психологиялық көңіл-күйімен байланысты ма?  

– Адамға позитивті ойлар ең жақсы плацебо екендігі ғылыми дәлелденген. Сергек ой мен оң көзқарас һәм жақсы тілек тілеу кез келген ауруды тезірек жеңуге көмектеседі. Әсіресе, жақын адамдар беретін жағымды эмоциялар - бұл науқас үшін ең пайдалы әрі өте жақсы «дәрі» болмақ.  

– Ұшу барысында медициналық көмек көрсетуде қандай қиындықтармен күресуге тура келеді? 

– Иә, кейде ұшу барысында авиажолаушыларға, кейбір жағдайларда әуе кемесінің экипажына медициналық көмек көрсетуге тура келеді. Мұндай кезде әуе мен жерде көмек көрсетудің айырмашылықтары өте көп. Өйткені бортта біз тек өз білімімізге, дағдыларымызға сүйене аламыз. Себебі онда қоңырау шалуға және консультация алуға мүмкіндік жоқ, тоқтап, науқасты жақын стационарға жеткізе алмайсыз. Сол себепті мұндай жағдайда науқасты А нүктесінен Б нүктесіне дейін тасымалдаудың нақты белгіленген бағыты бар. Ұшу аэрофизиологиясының ерекшеліктерін білу біз үшін міндетті.

– Сіз үшін жұмыс - өмір салты ма әлде...?

– Медицинаның атасы Гиппократ: «Дәрігердің жүзі жылы, ұқыпты, киімі таза, қолдары жұмсақ, жағымды болу керек» деген екен. Сондықтан дәрігерлік тек оқумен ғана шектелмейді. Мен үшін дәрігерлік мамандық – жауапкершілікті, біліктілікті талап ететін жауапты қызмет. Себебі оның жұмысы адам денсаулығы мен өмірін сақтауға бағытталған. Түптеп келгенде, дәрігердің қолында адам өмірі, болашақ тағдыры тұр. Сол себепті алдыңа көмек сұрап келген науқастың көңілінен шығып, сенімін ақтау дәрігер үшін үлкен жетістік дер едім. Менен жәрдем сұрап таныстарым, көршілерім жиі хабарласады: біреуге иньекция жасау, біреуге қан қысымын өлшеу керек, тағы бірі емен-жарқын сөйлескісі келеді дегендей... Ондай сәттерде мен ешкімнен бас тартқан емеспін. Канша шаршап тұрсам да, көмектесуге даярмын. Ал жұмыстағы маңызды фактор – бұл ұжымдағы жайлы атмосфера. Мен ұжыммен жұмыс істеуде жолым болған жанмын.  

– Жұмыс барысында эмоционалды күйзеліске бой алдырған науқастармен жұмыс істейтіндеріңізді білеміз. Ондай сәттерді қалай жеңесіз?  

– Медицина қызметкері тек өз саласының маманы ғана емес, сонымен қатар адамның тәнімен қоса жанын да емдей алатын сезімтал психолог болуы керек. Дәрігер де пенде. Оның да жеке өмірінде әртүрлі оқиғалар болуы мүмкін. Алайда оны жұмыспен араластыруға болмайды. Біздің жұмыста қауіп-қатермен бетпе-бет келіп, медициналық авиация қызметі шұғыл іске кірісер сәттер болады. Біз негізінен ауыр патологиясы бар пациенттерді тасымалдау кезінде эмоциналды күйзелістің элементтері бой көрсетіп жатады. Әсіресе, кішкентай балалардың қалай зардап шегетінін көру өте қиын. Олардың жәудіреген көздері, үрейге толы көзқарастары есіңде қалып қояды. Сондықтан мұндай сәттерде сіз қандай тәжірибелі, кәсіби маман болсаңыз да, оған немқұрайлы қарау қиынға соғады. 

Мен ондай сәттерде отбасыммен көбірек уақыт өткізуге тырысамын. Жүзумен айналысамын. Себебі, су стресті азайтуға, яғни адамның психологиялық жағдайын жақсартуға көмектесетінін білеміз. Суда жүзудің эмоционалдық тұрғыдан көтерілуге көмегі өте зор. Бұдан бөлек медитациямен айналысамын. Бұл әрекет қорқыныш, ауырсыну мен ренішті жеңілдетуге көмектеседі, мидың белсенділігін ынталандырады. Ескі заттарға екінші өмір сыйлау менің сүйікті хоббиім десем де болады. Яғни, қолөнермен айналысамын. Қазір араб тілін үйренуге белсене кірісіп жүрмін. 

– Пациенттерді республикалық және облыстық клиникаларға тасымалдау кезінде не маңызды?

– Пациентті тасымалдау кезінде біз әрқашан хаттаманың сақталуын қадағалаймыз. Көбінесе, республикалық және облыстық клиникаларға тасымалдау адам өмірін сақтап қалуға мүмкіндік береді. Өйткені адамға барлық қажетті медициналық көмекті әуе бортында тікелей көрсетуге әрдайым мүмкіндік бола бермейді. Кейбір жағдайларда науқасқа өмірлік маңызды бар шұғыл ота қажет. Содан кейін медициналық авиация арқылы аспанға арнайы борт көтеріліп, ауыр халдегі пациент жатқан ауруханаға бейінді медициналық мамандар жеткізіледі. Бригаданың әрбір ұшу сапары басқаларға ұқсамайды. Мұнда ең бастысы пациенттің жай-күйі маңызды рөл атқаратындықтан, көптеген факторлар ескеріледі.

– Тақырыптан сәл ауыссақ... Сіз үйде қандай адамсыз? 

– Үйде сүйікті ана, аяулы әжемін. Айрандай ұйыған, тату-тәтті отбасым бар. Алыста қызметте жүргенде, олардың мен үшін алаңдап отыратынын жүрегім сезіп тұрады. Біз отбасымызбен дастархан басына бірге жиналғанды, тауға барып, табиғат аясында демалғанды жақсы көреміз. 

– Отбасыңызда қандай дәстүрлерді ұстанасыздар?  

– «Отбасы – шағын мемлекет». Менің ойымша, әрбір шаңырақта отбасылық атмосфераны қалыптастыратын өз дәстүрлері бар. Ол міндетті түрде үлкен нәрсе болуы шарт емес. Тіпті немерелеріңнің жетістіктері, өмір туралы әңгімелер, отбасылық фотоальбомдардың көріністері талқыланатын отбасылық кешкі ас сияқты қарапайым нәрселер де отбасын жақындастырады. Менің анам 79 жаста. Біз отбасымызбен анамызға жиі барғанды жақсы көреміз, бұл да бір дәстүр. Мұндай жылы жүздесулерде аға буын өз естеліктерімен бөліседі. Ал кішілері отбасы тарихын санасына сіңіріп өседі. Бұл отбасылық құндылықтарының сабақтастығын мұра ету деген сөз.  

- Әр фельдшер нені армандайды?

- Ең біріншіден, фельдшер халықтың дені сау болғанын, әсіресе, балалар ауырмаса екен деп армандайды. Ал қызмет барысында жедел медициналық жәрдем реанимациялық бригадасының немесе медициналық авиацияның мобильдік бригадасының құрамында жұмыс істеуді құп көреді. Өйткені, бұл құрылымдарда жұмыс істеудің беделі зор.

- Оқырмандарға не тілегіңіз келеді? 

– «Дені саудың – жаны сау», «Ауру желмен келiп, термен шығады» дейді халық даналығы. Басқа ауру түскенде, онымен күресу қажет. Бұл ретте пандемия бізге денсаулықтың қаншалықты маңызды екенін көрсетті. Әр күніңізді позитивті, жақсы көңіл-күйден бастаңыз. Тазалық, салауатты өмір салты, күтім, иммундық ахуалды ұдайы бақылап отыру да аурудың алады. Алдыңызға шағын және үлкен мақсаттар қойыңыз, спортпен шұғылданыңыз! Ал біз өз кезегінде қандай жағдайда да тәулік бойы көмекке келуге дайынбыз! Еліміз аман, ұрпағымыздың денін сау болсын!  

- Сұхбатыңызға рахмет!

Әзірлеген Құралай ИМАНБЕКҚЫЗЫ