Димаштың канадалық жанкүйерлері қайырымдылық шарасын ұйымдастырды

Димаштың канадалық жанкүйерлері қайырымдылық шарасын ұйымдастырды
Cурет: dimashnews.com

Kids Help Phone – Канададағы жалғыз қайырымдылық ұйымы

Димаш Құдайбергеннің канадалық жанкүйерлері балаларға психологиялық көмек көрсететін Kids Help Phone қайырымдылық ұйымына қаражат жинап берді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz dimashnews-ке сілтеме жасап.

«Бізді Димаштың жастарды үнемі қолдап, көмектесіп жүретіндігі ынталандырды», – дейді жанкүйерлер.

Олар қайырымдылық шарасын әншінің туған күні қарсаңында қолға алған. Осылайша, 1 000 доллар (шамамен 440 130 теңге) жинады.

«Қазіргі уақытта жастар COVID-19 пандемиясының салдарымен күресіп жатыр және біздің сенім телефонымызға жиі жүгінеді. 2019 жылмен салыстырғанда қоңыраулар саны 137 пайызға артты. Сондықтан, біз Dears-тің бұл көмегі үшін өте ризамыз. Біз Канададағы бірде-бір бала қиын уақытта жалғыз қалмайтынына кепілдік береміз. Сіздің көмегіңіз балалардың өмірін сақтайды!» - деп алғыс білдірді Kids Help Phone командасы қазақ әншісінің жанкүйерлеріне.

Айта кетейік, Kids Help Phone – Канададағы жалғыз қайырымдылық ұйымы. Ол ел жастарына құпия психологиялық көмек көрсетеді. Ұйым ағылшын және француз тілдерінде, аптасына жеті күн, тәулік бойы жұмыс істейді. Өткен жылы ұйым Канаданың түкпір-түкпіріндегі 5 млн астам балаға кеңес берген.