Десантшылар жаңа іс-қимыл тәсілдерін пысықтауда

Десантшылар жаңа іс-қимыл тәсілдерін пысықтауда
Сурет: Министрлік

Десанттық бөлімшелер орындайтын тапсырмалардың бірі - «әуеден – ұрысқа» қағидатымен әрекет ету олардан үздік дайындықты талап етеді.

Бөлімшелерді даярлау барысында Десанттық-шабуылдау әскерлерінде қысқы кезеңде жеке құрамды бөлімшелер құрамындағы үйлесімді іс-қимылдарға үйрету машықтары ұйымдастырылды. Қарулы күрестің заманауи құралдарына қарсы тұруға ерекше назар аударылды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Десантшылар қорғаныс пен шабуылда тактикалық тәсілдерді пысықтап, атыс қаруынан, жауынгерлік машиналардан түрлі қашықтықтағы нысаналарға оқ атады, мамандық бойынша даярлау барысында алған машығын іс жүзінде көрсетеді. Командирлер сеніп тапсырылған бөлімшелерге басшылық жасауды үйренеді.

Десанттық бөлімшелер орындайтын тапсырмалардың бірі - «әуеден – ұрысқа» қағидатымен әрекет ету олардан үздік дайындықты талап етеді. Сол себепті тәжірибелі нұсқаушылар оқу-жаттығу нүктелерінде десант түсіру мен жабдықтарды бүркемелеу, позицияларды инженерлік жабдықтау, бағдарды барлау, нысананы көрсету және оқ атуды басқару кезіндегі үйренушілердің іс-әрекеттерін басқарады.

Қазіргі заманғы қарулы қақтығыстарға жүргізілген талдауға сүйене отырып, бөлімшелерді дайындау кезінде жауынгерлік іс-қимылдың жаңа түрлері мен әдістері ретінде ұшқышсыз басқарылатын құрылғыларына қарсы іс-қимыл қолданылуда.

– Қазіргі тәжірибе көрсеткендей, бүгінде қарама-қарсы тараптар ұшқышсыз басқарылатын аппараттарды белсенді қолданып жүр. Олармен күресу арнайы білімді, шеберлік пен машықты қажет етеді. Бұл мәселелерді сабақ барысында пысықтап жатырмыз, – деп атап өтті Десанттық-шабуылдау әскерлері қолбасшысының жауынгерлік даярлық жөніндегі орынбасары полковник Мақсұт Гусейнов.

Бөлімшелерді үйлестіру жауынгерлік атыспен қорытындыланып, техника мен қару-жарақты дайындау, жеке құрамның тактикалық іс-қимылы, сондай-ақ бөлімшенің атысты шебер жүргізуі бағаланатын болады.