Депутаттар «Алаш күнін» ресми түрде бекітуді сұрады

Депутаттар «Алаш күнін» ресми түрде бекітуді сұрады
Сурет: Іnform.kz

Олар 12 желтоқсанды Алаш Республикасының құрылған күні ретінде бекітуді ұсынды.

Соннымен қатар «Ақ жол» фракциясы бұл күнді жыл сайын мемлекеттік деңгейде атап өтуді сұрады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Мәжіліс депутаты Берік Дүйсенбинов Қазақ хандығы 1847 жылы мемлекет ретінде тарих сахнасынан кеткеннен кейін араға тура 70 жыл салып, 1917 жылы желтоқсанда сол Қазақ хандығының жер аумағында Алаш ұлт-азаттық қозғалысы заманауи Қазақ ұлттық мемлекетінің іргетасын қайта көтергенін еске салды. Сол жылдың 5-12 желтоқсанында Орынбор қаласында өткен Екінші жалпыұлттық қазақ-қырғыз құрылтайында Алашорда ұлттық кеңесін жасақтап, көпшілік дауыспен Алаш Республикасы Үкіметінің төрағасы болып Әлихан Бөкейханов сайланды.

Депутат биыл Алаш Республикасының құрылғанына 105 жыл толғанын айтты. Өкінішке қарай, бұл тарихи дата тағы да атаусыз қалды.

«Бүгінде тарихи әділдікті орнататын күн жетті деп санаймыз. Тарих тағылымын ұрпаққа насихаттау мақсатында «Ақ жол» фракциясы алаштанушы ғалымдардың бастамасын қолдай отырып, Тәуелсіздік күні қарсаңындағы 12 желтоқсанды – тарихи құжаттармен дәлелденген Алаш Республикасының құрылған күні ретінде «Алаш күні» деп ресми белгілеуді және жыл сайын мемлекеттік деңгейде атап өтуді сұрайды», - деді Дүйсенбинов.