Депутат Үкіметтен 4%-бен автонесие беруді жалғастыруды талап етті

Депутат Үкіметтен 4%-бен автонесие беруді жалғастыруды талап етті
Сурет: ашық дереккөз

Мәжіліс депутаты Ержан Бейсенбаев Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға жолдаған сауалында 4 пайызбен автонесие беруді жалғастыруға қатысты сауал жолдады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz. 

Қазіргі уақытта «Оператор РОП» ЖШС түріндегі олигополия қатысушыларына қатысты резонансты сот процесі жүріп жатқаны баршаға аян. Бүгінгі таңда РОП функциялары «Жасыл Даму» АҚ-ға берілгенімен мәселе жойылған жоқ, - дейді депутат.

«Ақ жол» демпартиясына кәсіпкерлер хабарласып, Экология департаменттері 2019-2021 жылдарға арналған утилизация төлемдерін төлемегені үшін әкімшілік айыппұл салғанын айтып, шағымданып жатқан көрінеді, деп жазды BAQ.кz. 

Мұндай өндіріп алу заңсыз, өйткені «Жасыл Даму» АҚ-ның реквизиттері оларға тек 2023 жылы ғана берілген, ал утилизация төлемдері талап арыздар қойылғанға дейін төленіп қойған. Оған қоса, олар Президенттің тексерулер жүргізуге мораторий енгізу туралы Жарлығын бұзып отыр. Бүгінгі күні осы негіз бойынша 690-нан астам кәсіпкерлік субъектісі жауапкершілікке тартылған деген ақпарат бар, - деп атап өтті Ержан Бейсенбаев.

Айтуынша, РОП аясындағы техниканы утилизациялауға арналған «RecyclingCompany» ЖШС зауыты екінші жыл жұмыс істемей тұр, себебі, «Оператор РОП» ЖШС қатысты қылмыстық іс аясында кәсіпорынға тыйым салынған.

Алайда утилизация жүргізіліп жатпағанымен «Жасыл Даму» азаматтар мен бизнестен утильалым алуды жалғастырып келеді. Сондай-ақ кәсіпкерлердің мәліметінше, қазіргі оператор кәсіпорын жұмысының тоқтауы мен тергеудің жүріп жатқанын сылтау етіп, 4 ай бойы өндірушілерге түскен қаржыны үлестірмеген, алайда, бұл оның өзіне жоқ утильалымды жинауына еш кедергі келтірмей отыр. Сондықтан атышулы утильалымнан түсіп жатқан миллиардтаған қаржы тағы қайда кетіп жатыр деген сауал туындайды? – деді мәжілісмен.

Депутат атап өткендей, Индустрия министрлігі жеңілдетілген автонесиелерді 4 пайызбен қаржыландыруды тоқтату туралы шешім қабылдады.

Утильалым жүйесі қазақстандық көліктердің өндірісі мен қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында енгізілгені белгілі. Бірақ шенеуніктер мұны ұмытып кеткен сияқты, - деп айтты Бейсенбаев Мәжілісте.

«Ақ жол» депутаттық фракциясы Үкіметке мынадай талаптар қойды:

1) Әкiмшiлiк құқық бұзушылық фактiсi анықталғанға дейiн утильалым төлемiн төлеген кәсiпкерлердi әкiмшiлiк қудалауды тоқтату, оларға қолданылған санкцияларды, оның iшiнде ескертулердi жою;

2) «RecyclingCompany» ЖШС қызметі тоқтатылған кезеңде автокөліктер мен техникаларды утилизациялау үшін жиналған қаражаттың пайдаланылуы туралы ақпаратты жариялап, аталған зауыттың қызметін қалпына келтіру мерзімдері туралы ақпарат беру;

3) 4% мөлшерлемесімен автонесие беруді жалғастырып, осы мақсаттарға утильалымның пайдаланылмаған қаражаттарын қосымша бөлу;

4) Тіпті, болмаса, көліктерді утилизациялау зауытының тоқтап тұрған кезеңінде утильалым төлемін тоқтатуды қарастыру.