Денсаулық сақтау министрлігі су тасқыны кезінде эпидемиологиялық жағдайды ерекше бақылауда ұстайды

Денсаулық сақтау министрлігі су тасқыны кезінде эпидемиологиялық жағдайды ерекше бақылауда ұстайды
Сурет: Gov.kz

Санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің (СЭҚ) жұмысы күшейтілген режимге ауыстырылды.

Қазақстанда су тасқынына тән инфекциялар бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап.

Жұқпалы аурулардың алдын алу мақсатында СЭҚ ауыз сумен қамтамасыз етуді бақылауды күшейтті. Су тасқыны басталғалы бері 4 мыңнан астам ауыз су сынамасы алынып, санитарлық-химиялық және микробиологиялық көрсеткіштері бойынша тексерілді.

Судың сапасы мен қауіпсіздігіне зертханалық бақылау нәтижелері бойынша жұқпалы аурулардың су арқылы таралу қаупі жоқ.

Су тасқыны кезінде профилактикалық және эпидемияға қарсы іс-шараларды жүргізу және су басқан учаскелерде аса қауіпті жұқпалы аурулардың таралуына жол бермеу мәселелері бойынша ұйымдастыру-әдістемелік көмек көрсету үшін өңірлерге Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының мамандары жіберілді.

Өңірлерде санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылықты қамтамасыз ету жұмыстары жалғасуда.