Денсаулық сақтау министрі елде эпидемиологиялық жағдай тұрақталғанын мәлімдеді

Денсаулық сақтау министрі елде эпидемиологиялық жағдай тұрақталғанын мәлімдеді
Сурет: Tengrinews.kz

Елде тәулігіне коронавирус жұқтырудың он шақты жағдайы тіркеледі.

Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz 

"Бүгінде еліміздің барлық өңірлерінде эпидемиологиялық жағдай тұрақталды, тәулігіне коронавирус инфекциясын жұқтырудың шамамен он шақты жағдайы тіркеледі, науқастардың 98%-дан астамы сауығып кетуде. Биыл 24 қаңтарда Ведомствоаралық комиссияның отырысында карантиндік шараларды жеңілдету тәсілдері қаралып, мақұлданды. Қазір елде барлық шектеу шаралары алынған. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтері бойынша, соңғы аптада бүкіл әлемде ауру 12%-ға төмендеді, бірақ аурудың өсуі Америка және Африка өңірлерінде байқалады. Сонымен қатар, әлемнің 97 елінде сырқаттанушылық артуда, мәселен, соңғы аптада Арменияда сырқаттанушылық 200%, Венгрияда 200% астам, Біріккен Араб Әмірлігінде 55%-ға, Жапонияда 54%-ға, Сингапурда 37%-ға, Израильде 15%-ға, Түркияда 12%-ға өсті", - деді министр. 

Оның айтуынша, эпидемиологиялық жағдайды күнделікті болжау және бағалау тұрақты негізде жалғасуда, жағдай ушыққан кезде КВИ-мен ауыратын науқастарға медициналық көмек көрсету үшін төсек-орындар, инфекциялық ауруханалар, емдеуге арналған қаражат көлемі, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар, жеке қорғаныс құралдары дайын.