Денсаулық сақтау министрлігі вакциналардың сақталуын бақылауды күшейтті

Денсаулық сақтау министрлігі вакциналардың сақталуын бақылауды күшейтті
www.gov.kz

Денсаулық сақтау министрлігі вакциналардың сақталуын бақылауды күшейтті, деп хабарлайды almaty-akshamy.kz министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.


Еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылғы 19 шілдедегі елдегі эпидемиологиялық жағдай жөніндегі кеңесте Қазақстанның кейбір өңірлерінде коронавирусқа қарсы вакцина дұрыс сақталмаған деп атап айтты.

«Өңірлердің бәрі бірдей бұл жұмысты тиісті деңгейде ұйымдастырмайды. Вакциналарды сақтаудың температуралық режимін бұзудың көптеген фактілері егу  пункттерінің шамамен 30%-да анықталды» –  деді Мемлекет басшысы.

Бұл ақпаратты 2021 жылғы 23 шілдедегі брифингте Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері растады.

Естеріңізге сала кетейік, ағымдағы жылғы ақпанда COVID-19 коронавирустық инфекциясына қарсы вакцинациялау басталған кезде елімізде 200-ден астам егу пункті жұмыс істеді, ағымдағы жылғы 23 шілдедегі жағдай бойынша 2300-ден астам пункт жұмылдырылды.

Бастапқыда санитариялық-эпидемиологиялық қызмет вакцинация процесі басталғанға дейін егу пункттерінің ашылуына байланысты тексерулер жүргізді. Сондай-ақ, вакцинациялау кезінде санитариялық қағидалар талаптарының сақталуына, оның ішінде салқын тізбектің сақталуына мониторинг жасалады.

Негізінен, әрбір үшінші егу пунктінде (шамамен 30%) жұмысқа рұқсат алғанға дейін санитариялық қағидалар талаптарының бұзылатыны анықталды.    Бұзушылықтар жойылғанға дейін осы егу пункттерін пайдалануға рұқсат етілген жоқ.

Вакциналарды сақтау және тасымалдау кезінде «салқын тізбек» талаптарын сақтау халыққа профилактикалық егуді жүргізу кезінде маңызды шарт болып табылады. Барлық ұйымдастырушылық және практикалық іс-шаралар вакциналарды сақтаудың оңтайлы температуралық жағдайларын сақтауға бағытталуы тиіс.

Санитариялық-эпидемиологиялық қызмет қолданыстағы егу пункттерінде салқын тізбектің, вакциналауды ұйымдастыру және жүргізу қағидаларының, оның ішінде температуралық режимнің сақталуына тұрақты негізде мониторинг жүргізеді.

Вакцинаны сақтаудың температуралық режимін сақтау – вакциналау тиімділігінің кепілі. Денсаулық сақтау министрлігі Мемлекет басшысының тапсырмасын ерекше бақылауға алып отыр.

Дереккөз – Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі @ Көшіру кезінде дереккөз сілтемесін пайдаланыңыз.