Декларация толтырдыңыз ба?

Декларация толтырдыңыз ба?
Сурет: ашық дереккөз

Декларация ұсынбаған жеке тұлғаға қандай жаза қолданылады

Астана қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Қанат Балтабеков декларация ұсынбаған жеке тұлғаларға қандай жауапкершілік қарастырылғанын айтты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz. 

«Активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны ұсынбаған жағдайда әкімшілік жауапкершілік көзделген. «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Қазақстан Республикасы кодексінің 272-бабының 1-тармағына сәйкес активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленген мерзімде ұсынбау алдын ала ескертуге әкеп соғады. 1 жыл ішінде қайталап жасалған әрекеттер 15 айлық есептік көрсеткіш (1 АЕК - 3450 теңге) мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады. Жалпыға бірдей декларациялау бойынша сұрақтар туындаған жағдайда жеке тұлғалар 1414 нөмірі бойынша бірыңғай байланыс орталығынан кеңес ала алады»,- деді Қанат Балтабеков Астана қаласының коммуникациялар қызметіндегі брифингте.

Аталған департаментке қарасты жалпыға бірдей декларациялау және өндірістік емес төлемдер бөлімінің басшысы Ерасыл Бораштың айтуынша, декларация 12 тармақтан тұрады. Декларацияны 15 қыркүйекке дейін «салық төлеушінің кабинеті» cabinet.salyk.kz арқылы,«электрондық үкімет» порталы, сондай-ақ esalyq azamat мобильдік қосымшасы арқылы электронды түрде, ал қағаз үлгіде 15 шілдеге дейін беруге болады.