Дәрі тағы қымбаттай ма?

Дәрі тағы қымбаттай ма?
Сурет: Almaty-akshamy.kz

Бұл сұраққа Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова жауап берді.

Қазақстанда сұранысқа ие дәрілердің бағасы өсуі мүмкін, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Денсаулық сақтау министрі ведомствоның ең танымал 1728 дәрі-дәрмекті еркін айналымға шығару жоспары туралы айтты.

«Өткен жылы Денсаулық сақтау министрлігі алғаш рет дәрі-дәрмектің 303 түріне бағаны реттеуден бас тартты. Бұл туралы бізден бизнес пен медицина қауымдастығы өтінді. Бір жыл ішінде баға 14-15 пайызға өсті. Биыл 1728 дәрі-дәрмек түріне бағаны реттеуден бас тартуды жоспарлаған болатынбыз. Бірақ біз бұл процесті тоқтатып, сараптама жүргізу туралы шешім қабылдадық», - деді Әлназарова.

Оның айтуынша, Денсаулық сақтау министрлігі енді дәрі-дәрмек бағасын мемлекеттік реттеуден бас тарту елдегі инфляцияға қалай әсер ететінін талдауға ниетті.

«Жалпы, біз екінші жартыжылдықта дәрі-дәрмектің осы түрлеріне бағаны реттеуді кезең-кезеңімен алып тастауды жоспарлап отырмыз. Бұл препараттарға антибиотиктер, антигистаминдер және жөтелге қарсы препараттарды қоса алғанда, халық арасында ең жиі сатып алынатын және сұранысқа ие дәрілер бар», - деді министр.