Cенат депутаты Жаңа жылдың орнына Наурызды тойлау туралы бастама көтерді

Cенат депутаты Жаңа жылдың орнына Наурызды тойлау туралы бастама көтерді
Сурет: Yujanka.kz

Сенаттың жалпы отырысында депутат Әли Бектаев Ұлыстың ұлы күнін ұлықтау қажеттігіне тоқталды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

«Жаңа жылды қарсы алу жылдан-жылға күрделеніп, жай отбасылық мерекеден ауқымды материалдық шараға айналып бара жатқаны жасырын емес. Үлкен қалаларда, облыс, аудан орталықтарында орнатылған алып шыршалар, мұз қалашықтары, отшашулар мемлекет қазынасына салмақ түсіріп, тұрғын үй кешендерінде атылып жатқан пиротехникалар материалдық зақым келтіруде»,- деді депутат.

Бұдан кейін депутат Наурыз мерекесін тойлауда жалпыұлттық концепция қабылдау керек деген ойын білдірді. 

«Қазақстан үшін бұл мереке ерекше маңызға ие. Халқымызда «Наурыз – Ұлыстың ұлы күні, жыл басы, күн мен түннің теңелген күні» деп айтылады. Дәл осы күндері бітелген бұлақтардың көзін ашып, жерге тал отырғызып, әркім өз ауласы мен үй-жайын тазалаған. Егіске шығып егін егіп, малмен айналысатындар төл алуға кірісіп Жыл басы қайнаған еңбекке ұласқан, - деді ол. 

Айта кетерлігі, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатында Наурыз мейрамын жаңаша тойлау туралы айтқан болатын.