Бүкіл  адамзатқа  көрсетілген  үлгі

Бүкіл  адамзатқа  көрсетілген  үлгі
Egemen Qazaqstan

Ядролық  сынақтардың  аяқталғанына – 30 жыл!

 XXI ғасырда адамзат баласының алдындағы ең маңызды мәселенің бірі – «Жер бетінде бейбітшілікті қалай сақтап қала аламыз?» -деген сұрақ болып  отыр.   Әлемдік көшбасшы атағына ие болған біздің  Тұңғыш  Президент – Елбасымыз осындай сын-қатерлердің ықтимал салдарын барша адамзатқа ашық айтып,  одан  сақтанудың  үлгісін  көрсеткен  еңбегі  үшін  БҰҰ-ның ядролық  қаруға  қарсы   азат  әлем  үшін  чемпион  атағымен  марапатталды. Бұл  мәртебелі  атақ әлем  лидерлерінің  арасында  біздің  Президентіміз бен  Финляндияның  президентіне  ғана  берілген.   

Бұл  жоғары  марапат Қазақстанның  Тұңғыш   Президенті – Елбасына  оңайлықпен  келген  жоқ.   Вашинггонда өткен Ядролық  қауіпсіздік саммитінде сөйлеген сөзінде Нұрсұлтан Назарбаев жалпы  адамзатты мазалаған сұрақтарға  жан-жақты  жауап  берді.

Елбасымыз өз манифесінде:  «Барша адамзат XXI ғасырға жаһандық ынтымақтастықтың жаңа дәуірі ретінде үміт артты.   Бірақ бүгінде бұл елестің  сағымға айналуы   ықтимал. Әлемге тағы да қатер төніп тұр және оның ауқымын ескермеуге болмайды. Және бұл қатер – жаһандық соғыс!» -деп ашып айтқан  болатын.

 Сол  кездің  өзінде   Қазақстан басшысы адамзатқа «XXI ғасыр: Соғыссыз әлем» атты кең ауқымды  бағдарламасын  үндеу  ретінде  таратып,  ол  ғаламдық  бастама  сипатында  дүниені елең еткізді.

XXI ғасырда болып жатқан өзгерістер,  түрлі оқиғалар, саяси көзқарастар жер бетіндегі адамзаттың алақанында тербетіліп  тұр. Өйткені, технологиялардың дамығаны сонша, жердің  бір  шалғайында  болған жарылыстың   тербетілісі,  құрылықтың   екінші  бетінде    сезіліп  тұрды. Әлемді қан төгіс, лаңкестік жайлап барады. Ядролық қаруы барлар қоқан-лоқы көрсетуде. Мұндайда  өктемдіктің лайықты қайтарымы да болмай қоймайды. Өкінішке қарай, осы көріністің оралымы күшейіп, ғылымның барлық жетістіктері қарулануға батыл  итермелеуде. Нұрсұлтан Назарбаев  АҚШ-та саяси, қоғам қайраткерлерінің алдында сөйлеген сөзіңде ол  туралы    бүкпесіз  ашық айтып өтті.

Бүгінгі  таңда  ядролық қаруды ғарыш кеңістігіне, әлемдік мұхиттың бейтарап аймағы  мен  Арктикаға орналастыру қаупі  алпауыт елдер арасындағы қарама-қайшылықтар тудырып, бұрын  болмаған бітіспес жанжалдарға ұласу қаупін  тудырып  отыр.  Жер шарының тыныштығы адамзат үшін ауадай қажет. Қазақстаннның  Тұңғыш  Президенті – Елбасы   Нұрсұлтан Назарбаев әлемдік саммит мінберінен соғыссыз әлем құрумен сол бағыттағы кең ауқымды бағдарламаның қажеттігін ұсынған үндеуінің басты мақсаты – жер шарының тыныштығы, адамзаттың бейбіт өмірін сақтауды  көздейді. Оған ірі державалар арасындағы    ынтымақтастық пен келісімнің арқасында ғана қол жеткізуге болады.  Ең қауіптісі – технология қарыштап дамыған сайын ядролық, химиялық, биологиялық қарулардың жаңа түрі ойлап табылатын болса, мұндай қарулардың қауіп-қатері жер шарының біраз бөлігін қамтымасына кім кепіл? Мұндай қаруды қолдану ықтималдарына қарсы тұру мүмкін бе?  Оның мүмкіндігі  бар. Ол үшін әр мемлекеттің басшылары тек өз елінің ғана емес, Қазақ елінің Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев секілді, барша   адамзаттың бейбіт  өмірін қамтамасыз етердей оң қадам жасауы тиіс.

Қазақстан бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау жөнінен әлемге үлгі бола алады. Өйткені, біздің ел 30 жыл бұрын әлемде алғашқы болып Семей ядролық сынақ полигонын біржолата жапты. «Бұл – әзірше әлемдік тәжірибедегі   алғашқы және бірден-бір оқиға. Жас мемлекет содан соң КСРО ыдырағаннан кейін мұраға қалған атом қаруының әлемдегі төртінші әлеуетіне және оны жеткізу құралдарына иелік етуден өз еркімен бас тарт- ты. Бұл шешім жетекші ядролық державалардың ядролық   сынаққа мораторий жариялауына қозғау салды. 20 жыл бұрын   БҰҰ аясында   ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарт жасалды және ол  қол қою үшін ашық деп жарияланды, бірақ ол осы күнге  дейін күшіне   енбей келеді»,- деген  болатын  Нұрсұлтан    Назарбаев  сол  кезде.

Елімізде  1989   жылға  дейінгі  аралықта Семей ядролық полигонындағы сынақтардың жалпы саны 456 ядролық және термоядролық жарылысты құрады. Олардың 116-сы ашық болды, яғни жер бетінде немесе әуе кеңістігінде жасалды. Семей полигонында әуеде және жер бетінде сынақтан өткізілген ядролық зарядтардың жалпы қуаты 1945 жылы Хиросимаға тасталған атом бомбасының қуатынан 2,5 мың есе көп болды.  Бүгінде  адамзатқа  ажал  төндіріп  келген   Семейдегі сынақ алаңы жабылған.

1989 жылдың ақпанында белгілі ақын, қоғам қайраткері Олжас Сүлейменовтің жетекшілігімен Семейдегі атом полигонын жабу үшін күресті бастауға ұйғарған «Невада – Семей»  қозғалысының  алғашқы митингісі өткізілді. Сол жылдың 6 тамызында ядролық қаруды сынауға мораторий жариялау жөнінде КСРО және АҚ  Президенттеріне үндеу қабылданды.

Сөйтіп, осы уақытқа дейін үнсіз тығылып келген халық бір дауыстан «Ядролық қаруға жол жоқ!», «Сынақтар тоқтатылсын!» деген  мәлімдеме  жасады. Ал кейін Қазақстан Республикасының Егемендігі туралы Декларацияда ел аумағы ядросыз аймақ деп жарияланды. 1991 жылы 29 тамызда – Қазақстан   Республикасы Президенті    Нұрсұлтан  Назарбаев «Семей атом полигонын жабу туралы» Жарлыққа қол қойды.   Осылайша, жылдар бойы ядролық сынақтардың құрбанына айналған қазақ халқы өз мақсатына жетті. Әлемдегі ең үлкен сынақ полигондарының бірі Семейдегі сынақ алаңы жабылғаннан кейін Ресейдің, АҚШ пен Францияның поли- гондарында    ядролық қаруды сынауға мораторий жарияланды. 1992 жылдың мамырында бұл сынақ полигонының базасында Курчатов қаласындағы Ұлттық ядролық орталық құрылды.

Ел тәуелсіздігінің арқасында қол жеткен бұл айтулы шара Қазақстан халқымен бірге шетелдерде де үлкен қолдауға ие болды. Қазақстанның ядролық қуаттан бас тартып, Семейдегі сынақ алаңын жабуы еліміздің халықаралық аренадағы беделін көтеріп, бейбітшілікті қолдаушы бүкіл адамзатқа үлгі болды.

Ядролық жарылыстар туралы халыққа 1953 жылдан бастап қана ескертіле бастады. Онда да адамдар мен малды радиоактивті заттардың таралу аймағынан уақытша көшіру, оларды қарабайыр қорғаныш объектілеріне, орларға немесе   жеркепелерге жасыру көзделді.

1953 жылы 12 тамызда жер үстінде дүниежүзінде алғаш рет қуаттылығы 500 килотонна болатын сутегі бомбасы сыналды. Сутегілік   құрылым РДС-2 құрылымы қуаты жағынан бұған дейін дүниежүзінде болып көрмеген еді. Жарылыстан кейін пайда болған  радиоактивті газдардың саңырауқұлақ секілді бұлты 16 шақырым биіктікке көтерілуі  өте  қауіпті  еді. Осы жарылыстан кейін радиусы ондаған шақырым болатын жерде дала шөптері бірнеше күн бойы көгілдір сәуле шығарып тұрған. 1955 жылы 22 қарашада ТУ- 16А әскери бомбылағышы Семей полигонының үстінен ұшып бара жатып, жаңадан жасалған қуаты 1,7 мегатонна болатын термоядролық РДС-37 зарядын тастаған. Бомба бір жарым километрлік биіктікте жарылған. Бұл жарылыстың соққы толқыны мен жер қабатының   турбаленттілігі   бүкіл  Қазақстан аумағы мен Ресейдің көршілес аймақтарына  да сезілген. 1962 –1989 жылдар арасында Семей   аймағындағы Дегелең   тауының   жер  асты шахталарында 340 жарылыс жасалған. Бұл арада жыл сайын 14-18 ядролық сынақ өткізіліп тұрған.

Қазіргі  қолда  бар  қарулардың  қуаты  одан да  зор  көрінеді. Сонда  адамзат  үнемі  қауіп  пен  өмір  сүрмек  пе?  Ядролық қаруы бар елдердің ішінде Пәкістан,   Үндістан, Израиль сондай қауіпті қаруды таратпау туралы   шартқа қол қоймаған   күйі  отыр. Тіпті Пәкістан ядролық қаруды бірінші болып қолданбау міндетін де  өзіне  алмаған.   Демек, дәл осы қарудан адамзат өзін жарға әкеп   тіреп  тұрғанын  байқар  еді.  Ядролық қаруды кейбір елдер жаудан қорғайтын берік те тұрақты қорған ретінде санайды.

Егер  Қазақстан  басшысының  бастамасымен Семейдегі ядролық полигон жабылмағанда,  таяу  көршіміз  Қытайдың – Лобнор, анау АҚШ-тағы – Невада және Франция мен Ұлыбританияның Тынық мұхит аралдарындағы сынақ алаңдары да жұмысын тоқтатпаған болар еді. Міне,     Қазақстан  Көшбасшысының   осы  бастамасының  өзі  ғаламдық  ерлікке  жатады.

Бұрынғы Кеңес дәуірінен Қазақстан еншісінде қалған соңғы ядролық заряд 1995 жылы 24 сәуірде шығарылды. Міне, содан бері Қазақстан ядролық қарудан толық арылды. Соның нәтижесі   Елбасымыз барша әлемді аталған жойқын қарудан бас тартып, ядролық күшті тек бейбіт өмірде қолдану бойынша әлемге үндеу тастауға  әкелді.

«XXI   ғасырда әлемге тыныштық керек!», - деді Елбасы Ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммиттегі  «Әлем. XXI ғасыр» атты манифесін жариялағанында. Бугінгі күнде бүкіл әлемді үрей кұшағына алған ғаламдық бұл мәселеге Қазақстан басшысы терең талдау жасады, тығырықтан алып шығар нақты жолдарды ұсынды. Әлемдік қауымдастық Қазақстанның және оның басшысының жердің бетін ядролық қарудан тазарту жөніндегі ұсыныс-тілектерін оң бағалайды деп сенемін. Мұның өзі біздің еліміздің халықаралық аренадағы жағымды имиджінің қалыптасып, беделінің артуына ықпал етері сөзсіз. Сайып келгенде, бұл Қазақстанның әлем елдерімен қарым-қатынасына оң  ықпалын  тигізіп, оның экономикалық байланыстарының нығаюына да септігін тигізері  анық.

Қазақстанның  Тұңғыш   Президенті – Елбасы Нұрсұлтан  Назарбаев бүкіл адамзат баласының тағдырына алаңдайды.

«Біз балаларымыз бен немерелеріміздің болашағы туралы ойлауымыз керек. Бүкіл әлем үкіметтерінің, саясаткерлерінің, ғалымдарының, бизнесмендерінің, өнер қайраткерлерінің және миллиондаған адамдарының күш-жігерін өткен ғасырлардың қасіретті қателіктерін қайталауға жол бермей, әлемді соғыс қатерінен әрқашан арылту үшін біріктіру қажет», деді Елбасы саммиттегі сөйлеген сөзінде.         

Жалпы жаһандық қандайда проблемалардың шешімін іздегенде қолында мүмкіндіктер мен түйінді әрекет әлеуеті бар көшбасшылар мен саяси қайраткерлердің, әскери ұйымдар басшыларының бас қосуы қажеттілік  теоремасы. Елбасымыз  Нұрсұлтан   Назарбаев  осындай алқалы топ алдында «Әлем. XXI ғасыр» манифесін жариялауы осы самиттің   айрықша   бастамасы   болды. Оны  қазір бүкіл   әлем  мойындап  отыр.

Өткен ғасырдың екінші жартысынан бастап жанталаса қарулану сәл саябырсыған  болатын. Оған өткен ғасырдың 70-ші жылдарындағы халықаралық саяси қайраткерлердің, екі блоктағы державалар АҚШ пен КСРО   басшыларының мәмілеге келуінің, халықаралық шарттар жасауының маңызды үлкен  сипаты  болды. Қазір мемлекеттер арасында қандай да бір даулы мәселелер тұрғысында  түсіністік, толеранттылық, ізгілікті келісім- дер мардымсыз.   Әлемде  мемлекеттердің өзара саяси текетіресін, дау-жанжалы жиілеп  барады. Ядролық қаруы бар немесе оған қолы жетімді елдер, әскери блок басшылары оның түпкілікті зардабы туралы ойлануы қажет. Қантөгіс, адамдардың кұрбан болуын жер  бетіндегі тіршілік иелерінің жаппай қырылуымен салыстырып көрсең,  зәрең  ұшады. Бүгінгі лаңкестік оқиғалардың, тоқтауы жоқ атыс- шабыстар адамзатты тығырыққа тіреп отыр. Өйткені, адамзаттың өзі ойлап тапқан ғылыми жетістіктері өзге  бағытқа бұрылып барады. Елбасының ядролық қауіпті қарулардың ешқандай жауапкершілікті сезінбейтін күштер қолына түсіп қалу ықтималдығы туралы қаупі өте маңызды. Лаңкестер қимылынан олардың қандай зұлымдыққа да шімірікпей баратынын кім де болса байқап  отыр.

Бұл Қазақстанның  Тұңғыш    Президенті  – Елбасы   Нұрсұлтан  Назарбаев ядролық бассыздықтардан шығудың жолы ретінде оны бейбіт қолдану үшін ядролық энергияны адамзат игілігі үшін пайдалану жөнінде  айтқан  ұсынысы  да бағалы бастама. 2012 жылы 29 тамызда Астанада өткен парламенттік Ассамблея АТОМ жобасының онлайн петициясына қол қоюға  алып  келді. 2015 жылдың 7 желтоқсанында БҰҰ Бас Ассамблеясы Қазақстанның бастамасы бойынша   Ядролық қарудан азат әлем құру тура- лы Жалпыға Ортақ Декларация қабылдады.  Қазақстан аумағында МАГАТЭ туы астында атом энергетикасын дамытуды жоспарлап отырған мемлекеттерге арналған төмен байытылған ядролық отын банкі құрылды. Осының  баршасында   Қазақстан  Елбасының  бастамашылдық қасиетімен қол  жеткізілді.