Бүгін – Абай күні. Ұлы ақынның тапқырлығы

Бүгін – Абай күні.  Ұлы ақынның тапқырлығы
Egemen.kz

Бірде Жанқұтты шешен Құнанбайдың үйінде отырғанда Абай келіп сәлем береді. Ол кезде Абайдың жас шағы екен. Абайдың тапқырлығын, өлең шығаратындығын естіп жүрген шешен баланы қасына отырғызып:

– Шырағым, дүние неге сүйенеді? – деп сұрайды. Абай:

– Дүние үмітке сүйенеді.

– Көздің көрмесі бола ма?

– Көз қабағын көрмейді.

– Шам жарығының түспесі бола ма?

– Шам жарығы табанына түспейді.

– Болат пышақтың кеспесі бола ма?

– Болат пышақ өз сабын өзі кеспейді.

– Тамағына тартпайтын мақлұқат бола ма?

– Өз тамағына тартпайтын мақлұқат болмайды, – дейді бала Абай. Жауабына риза болған шешен оған өлең түрінде жазып беруін сұрайды. Сонда Абай:

Сіз сұңқар самғай ұшқан қиядағы,

Талпынған мен балапан ұядағы.

Өрнекті өлең сөзбен жауап берсем,

Дүниенің жалғыз үміт тиянағы.

Көз көруі жетпейді қабағына,

Шам жарығы түспейді табанына.

Өз сабын болат пышақ өзі кеспес

Мақлұқат тартпай қоймас тамағына, – депті.

Ет желініп, қымыз ішілгеннен кейін Абай:

– Ата, сізден сұрақ сұрауға бола ма? – дейді.

– Е, шырағым, сұрай ғой, – депті Жанқұтты.

– Ата, арзан не, қымбат не, дауасыз не? – депті Абай.

Жанқұтты:

– Шырағым, арзан – өтірік, қымбат – шындық, дауасыз – кәрілік емес пе? Жанарыңның оты бар екен – ақындығың шығар, маңдайың жазық екен – ойлылығың шығар, халқыңның қалаулы азаматы бол, – деп батасын беріпті.