«Бозқырау» – қыстың жаршысы

«Бозқырау» – қыстың жаршысы
vsegda-pomnim.com

«Қарашаның ұлыса желі гулеп, түсіне бер қаңтардың желігі деп...». Осылайша Мұқағали Мақатаев жырына арқау болған жамау-жасқау айы Қараша бой көрсетті

Ақын айтса айтқандай, осы мезгілде ауаның температурасы күрт төмендейді. Күндіз күннің көзі бірде көрінсе, бірде бұлт тұмшалап көрінбей тұрады. Күннің көзі көрінгенімен де жылуы болмайды. Тау шатқалда­рындағы шағын өзен-көлдерде су қатуы мүмкін. Ертеңгілік боз қырау түседі.

«Кіші қараша» амалы өтіп жатыр. Бірер күнде жаңа ай туады. Амал өзгереді. Ол – «Бозқырау» деп аталады. «Бозқырау» – қыс­тың алғашқы жаршысы. Жалпы, қазекең қа­зан айының бір атауын бозқырау деген. Оның мәнісі осы айдың ішінде суық шақыратын, дауыл, жел әкелетін бірнеше амал бар. Со­лардың әсерінен күн салқындап, ертеңгілік тал-шыбыққа, шөпке боз қырау тұрады. Бұл суықта көкті үсік шалып, су бетіне қаймақ мұз тұрады.

Осы айдың онынан басталатын «Бозқы­рау» (Боқырау) нағыз қыраудың өзі, суықтың көзі. Қарашаның 10 жаңасынан 15 жаңасына дейін жалғасады.

Амал кезіндегі ерекшелік: жылқышылар жылқыны күнгейге жаяды. Бұл кезде биенің ішіндегі құлын көлденең жатпағандықтан әрі жылқы түнде де жайылатындықтан, қырау түскен шөпті жеп қояды. Өйткені, жылқы бірден-бір күйіс қайтармайтын жануар. Ал қырау жеген бие ішіндегі құлынын тастайты­ны тәжірибеде дәлелденген.

Амалдың атауына келер болсақ, әртүрлі нұсқасы бар. Кейбіреу бұл боққа (тезек-жа­паға) тұрған қырауды меңзеуден туған десе, енді бірі даланы жауып қалған ақ (боз) қы­рауға қаратылып айтылғанын айтады. Қалай болғанда да, аталмыш амал күннің салқын­дап, қыстың жақындағанын аңғартса керек. «Бозқыраудың» басты белгісі – күзеулікте таңертең тұрғанда ылғал жерлерге жаппай қырау тұрады.

Қазекеңнің осы амалға қатысты шығар­ған мақал-мәтелдері мен қанатты сөздері баршылық, олар ел аузында әлі күнге айты­лып жүр. Солардың бірі – «Қарашада қар жатпайды, қар жатса тек жатпайды» деп ай­тылады. Бұл осы айда жауған қардың маңыз­дылығын білдіреді. «Егер қарашаның 20–25-терінде қар жауып, ерімей жатып қала­тын болса, ол қыстың басталғанының айқын белгісі» деген де көнелерден қалған болжам бар.

Бозқырау, Қауыс, Аққар амалдары да осы айдың еншісінде. Біреуін – Бозқырауды әңгі­мемізге арқау еттік. Қалғанын кезегімен сөз етеміз. Бүгін күнделікті күнтізбе бойынша, қарашаның – 3-і. Жаңа айдың басы – 8-ші жаңасы. Қазақша ай 5 күннен кейін ғана бас­талады. Осы кезде ауа райында өзгеріс орын алады. Міне, осы өзгерістердің әсерінен жауын-шашын болып, қар жаууы ықтимал.