Бостандық ауданының 113 мыңнан астам тұрғыны COVID-19 қарсы вакциналанды

Бостандық ауданының 113 мыңнан астам тұрғыны COVID-19 қарсы вакциналанды
Сурет:news.Nestia.com

Аталмыш аудан коронавирусқа қарсы вакцинамен толық қамтамасыз етілген.

Алматы қаласы Бостандық ауданының әкімі Алтай Рахымбетов Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында екпе науқанының барысы мен Ashyq жобасының артықшылықтары туралы айтты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Оның айтуынша, ауданда 217 мың адам вакцина алуы тиіс, бүгінде 113 мың адам екпе алды, бұл 52%-ды құрады.

Алтай Рахымбетов Бостандық ауданы коронавирусқа қарсы вакцинамен толық қамтамасыз етілгенін айтты. Екпе пункттері емханалар базасында да, танымал СОСО-да да бар. Кәсіпкерлердің бастамасы бойынша барлық вакциналанған азаматтарға кез келген тауарды сатып алуға 5-тен 20%-ға дейін жеңілдіктер беріледі.

«Кәсіпкерлер өздерінің нысандарына вакцина алған азаматтар келген кезде қызметкерлер жұқтыру қаупінен қорғалатынын біледі. Осылайша олар халықтың вакцина туралы бастамасын қолдайды. Қалада екпе пункттерінің бірі орналасқан «Мега центр» СОСО басшылығына халық арасында апта сайынғы ұтыс ойынын өткізгені үшін алғысымды білдіремін. Тамыз айының соңында осы екпе пунктінде вакцина алғандар арасында бас жүлде – автокөлік ойнатылады. Бостандық ауданының тұрғындарын вакцинаға белсенді қатысуға шақырамын. Егер біз тезірек қалыпты өмірге оралғымыз келсе, вакцинаны кейінге қалдырмайық», – деді Алтай Рахымбетов.

Бостандық ауданының әкімі Ashyq жобасының мүмкіндіктері туралы айтты. Ол қауіпсіздікті қосымшаның басты артықшылығы деп атады. Қазіргі уақытта бизнес коронавирустың жаңа өршу қаупінен туындаған шектеулермен жұмыс істеуге мәжбүр. Ashyq мобильді қосымшасы QR-кодты пайдалану және ПТР ортақ базасымен интеграциялау есебінен келушінің мәртебесін анықтауға мүмкіндік береді. Осылайша, жобаның қатысушысы бизнес субъектісі қазірдің өзінде қабылданып жатқан санитарлық шаралар бойынша қосымша бақылауды қамтамасыз етеді.

«Ауданымыздың көптеген кәсіпкерлері жобаға қатысуға қызығушылық танытып отыр. Алайда, бұл белгілі бір жауапкершілікті жүктейді, барлық кәсіпкерлер қосымшаның жұмысына адал қарамайды. Тексеру кезінде мониторингтік топтар келушілер өз мәртебесін тексермей, тыныш кіретін нысандарды анықтайды. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, кәсіпкерлерге келушілердің мәртебесін сканерлеуге жауапкершілікпен қарау керектігін айтқым келеді. Орындалмаған жағдайда оларды жобадан алдымен екі апта мерзімге, ал қайталап бұзғаны үшін біржола шығаруға болады», – деді аудан әкімі.

 Алтай  Рахымбетов Ashyq жұмысына «Мега центр»  СОСО мен «Форум» сауда үйі қосылғанын айтты.

Сөзінің соңында Бостандық ауданының әкімі коронавирустың жаңа штамдары өте қауіпті екенін, сондықтан екпе салдыруды таңдау қажеттігін айтты.