Бостандық ауданында мектептердегі орын тапшылығын азайту мәселесі қолға алынған

Бостандық ауданында мектептердегі орын тапшылығын азайту мәселесі қолға алынған
Сурет: 7-su.kz

Оқу жылы басталғанша ауданда мектеп оқушылары үшін жаңа корпус пайдалануға беріледі.

Бұл туралы қала әкімі Ерболат Досаев Бостандық ауданының тұрғындарымен өткен кездесуде айтты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Мектептерде орын тапшылығын азайту үшін маусым айында №146 лицей мен №191 мектепке 300 орындық екі қосымша корпус салынып бітті.

1 қыркүйекке дейін №125 мектептің 275 орындық жаңа корпусын пайдалануға беру жоспарлануда.

Бұдан басқа, қала әкімдігі «Әділет» колледжі орналасқан 600 орындық №94 мектептің бір бөлігін сатып алды. Жыл соңына дейін балалар толыққанды мектепте оқуға кіріседі.

Сондай-ақ, келесі жаңа оқу жылының басында №9 мектеп-интернатының асханасы мен 120 орындық жаңа корпусын аяқтау жоспарланған болатын. Құрылыс материалдары мен қызметтердің қымбаттауына байланысты шамамен 200 млн.теңгеге жобалау-сметалық құжаттамасына түзету енгізілуде. Қыркүйек айының басында сараптамадан өткеннен кейін қосымша қаражат бөлінеді. Осыған байланысты құрылыс-монтаждау жұмыстарын аяқтау мерзімі 2022 жылғы 30 қарашаға дейін ұзартылды.