Болашаққа үмітпен қараған жөн

Болашаққа үмітпен қараған жөн
rus.azattyq-ruhy.kz

Борис ЖАПАРОВ, профессор, техника ғылымының докторы:

Қазақстан мен Қытай арасында мемлекетаралық отыз күндік визасыз тәртіп енгізілетініне байланысты қоғамда неше түрлі әңгіме өрбуде. Біржақты пікір басым болып барады. Осы ретте мен де өз пікірімді білдіріп кетсем деймін.

Кезінде еліміздің Түркиядағы елшісінің кеңесшісі болғанымда, халықаралық қатынаста біраз тәжірибе жинақтағаным бар. Осы күні өмір өзгеріп, дүние жаңаруда. Мәселен, бүкіл Еуропа бір-бірімен тауар айналымын жасауда. Осындай шақта шекараны тастай қып қымтап, тым-тырс отыратын не жөніміз бар? Мұның өзі «халықаралық құқық» деген ұғымға қайшы келер еді.

Біздің дәуіріміздің басында ғұн бабаларымыздан сақтанған қытайлар үш мың шақырымдық «қытай қорғанын» тұрғызса, бұл қамалдар бүгінгі күні тарихи ескерткіш ретінде ғана бағаланады. Айтарым, тарихқа өткен күннің өлшемімен қарамау қажет, бүгінгінің талабы ескерілуі керек. Егер, осындай визасыз тәртіп енгізілсе, оның да тежеуіші, реттегіші бар деген сөз. Болашаққа үмітпен қараған жөн.

«Қытай азаматтары қаптайды» деп дүрлігудің не мәнісі бар? Әл-ауқаты өркендеген әлемдік ең ірі екі мемлекет болса, соның бірі – Қытай. Оны ескермеске болмайды. Ал, тәуелсіздігімізді қорғау дегеніміз – экономикамызды нығайту. Ойлап қарасақ, экономиканы жасайтын халық. Мұндайда өнімді еңбек етуге жүйе жасалып, экономикалық саясат басты рөл атқаруы тиіс.