Бокстан әлем чемпионаты: Кеше үш боксшымыз жеңіске жетіп, біреуі есе жіберді

Бокстан әлем чемпионаты: Кеше үш боксшымыз жеңіске жетіп, біреуі есе жіберді
Cурет: Inform.kz

92 келіде айқасқа түскен Айбек Оралбай қарсыласына есе жіберді

Сербия астанасы Белград қаласында өтіп жатқан бокстан әлем чемпионатында 31 қазанда жеңіске жеткен үш қазақстандықтың ширек финалдағы қарсыластары анықталды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.

Айта кетсек, кеше ел құрамасынан Махмуд Сабырхан (54 келі) мен Саматәли Төлтаев (60 келі), Асланбек Шымбергенов (71 келі) жарысты жалғастыруға мүмкіндік алды.

Қазақстандықтар сапынан енді Махмуд Сабырхан бразилиялық Майкл Тринидадпен қолғап түйістіреді.

Махмуд бұған дейін Оңтүстік Кореядан келген Ин Кю Кимді, одан кейін шотландиялық Мэттью Макхэйлды жеңді.

Тағы бір боксшымыз Саматәли Төлтаев франциялық Софьян Умиамен кездеседі.

Саматәли бұған дейін таиландтық Хунатип Пиднуч және колумбиялық Дуван Сулета Морено тізе бүктірді.
Ал Асланбек Шымбергенов енді украиналық Юрий Захарьевпен қолғап түйістіреді.

Асланбек бұдан бұрын иран боксшысы Фархад Моради Аташгахты, өзбек спортшысы Шахрам Гиясовты, германиялық Магомед Шахидовты орта жолда қалдырды.

Әлем чемпионаты 6 қарашада мәресіне жетеді.

Ал, 92 келіде айқасқа түскен Айбек Оралбай қарсыласына есе жіберді. Ол өзбекстандық Мадияр Саидрахимовпен шеберлік байқасты. 

Бірінші раундта Айбек қарсыласын бір мәрте нокдаунға жіберіп үлгерді. Екінші раундта оның өзі нокдаунға түсіп қалды. Үшінші раунд тең дәрежеде өтті. Нәтижесінде Мадияр Саидрахимов жарысты жалғастыруға мүмкіндік алды.

Айбек бұған дейін польшалық Матеуш Березницкиді жеңген болатын.