Білім беру саласының қызметкерлері 2 млрд теңгеден астам сома жымқырды

Білім беру саласының қызметкерлері 2 млрд теңгеден астам сома жымқырды
Сурет: ашық дереккөз

Түркістан облысының білім беру саласының қызметкерлері 2 млрд теңгеден астам сома жымқырды деген күдікке ілінді.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет білім беру саласындағы жүйелі жемқорлықты анықтау бойынша жұмысты жалғастыруда, деп хабарлайды аlmaty-akshamy.kz Антикорға сілтеме жасап.  

Бұған дейін Алматы, Шымкент қалалары мен Қызылорда, Ақтөбе, Алматы және Жетісу облыстарында қылмыстық схемалар ашылған болатын. Түркістан облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Шардара және Сарыағаш аудандарының білім бөлімдерінің бухгалтерлеріне қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізуде. Олар бюджет қаражатын аса ірі көлемде жүйелі негізде жымқырды деген күдік бар. Тергеу мәліметтері бойынша, күдіктілер 2020-2023 жылдар аралығында білім беру саласында жұмыс істемейтін тұлғалардың шоттарына ақша қаражатын аудару, сондай-ақ мектеп қызметкерлеріне жоғары жалақы есептеу арқылы шамамен 2,6 млрд теңге сома жымқырған. Қазіргі уақытта Түркістан облысының білім беру саласынан 17 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Олардың 4-і қамауға алыныпты.

Залалды өтеу мақсатында 39 жылжымайтын мүлік, 44 автомашина, зергерлік бұйымдар және қылмыстық істер бойынша айыпталушылардың ақшалай қаражаттары бұғатталды. Сонымен қатар, тергеу барысында Түркістан облысының Тексеру комиссиясының мемлекеттік аудиторының әрекеті әшкереленді. Ол Сарыағаш ауданындағы мектептердің бірінде аудит барысында анықталған жымқыру фактілерін пайдакүнемдік ниетпен жасырған. Сондай-ақ, Жетісу облысында ұйымдасқан қылмыстық топтың құрамында 2,5 жыл ішінде 4,4 млрд теңге жымқырған қалалық білім бөлімінің қызметкерлеріне қатысты сотқа дейінгі тергеу аяқталды. Қылмыстық топқа басшы мен оның қарамағындағылар, сондай-ақ орта мектеп бухгалтері кіретін барлығы 13 адамнан құралған.

Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды. Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына және Қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әрбір адам кінәсіз деп есептеледі.