Биыл Алакөлге баратын пойыздағы орын саны 16 мыңға көбейді

Биыл Алакөлге баратын пойыздағы орын саны 16 мыңға көбейді
Сурет: интернеттен

Жолаушыларға 270 мыңнан аса орын ұсынылады.

ҚТЖ Павлодар, Шымкент және Қызылордадан Алакөлге дейін біржолғы пойыздарды ұйымдастыру мәселесін қарастыруға дайын, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz "Қазақстан темір жолы" компаниясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Биыл жаз мезгілінде Алакөл бағытында қатынайтын пойыздарда 270 мыңнан астам орын ұсынылады. ҚТЖ соңғы жылдары көл бағытындағы пойыз сапарларына сұраныс артып келе жатқанын атап өтті. Былтыр Алакөлге теміржол көлігімен 254 мың жолаушы тасымалданған. Бұл көрсеткіш 2020 жылғы деңгейден екі есе өсті.

"Алдағы жазда пойыздарда ұсынылған орындардың саны 16 мыңға артып, 270 мыңнан асады", - делінген хабарламада.

Жолаушыларға ыңғайлы болу үшін Астана, Алматы, Шығыс Қазақстан және Абай облыстарынан 11 маршрут Алакөл бағытында жүреді. Курорттық аймаққа жіберілетін пойыздар құрамына негізінен ауа баптағыштары бар жылжымалы құрамдар кіреді.

Аялдамалар туристер үшін ең танымал орындарда – Жалаңашкөл, Ақши, Бескөл станцияларында қарастырылған.

"Туристік маусымның қызған шағында Жалаңашкөл станциясының вокзалында жолаушылар ағыны тәулігіне 800 жуық жолаушыны, Ақши – тәулігіне 550-ге жуық жолаушыны, Бескөл – тәулігіне 220-ға жуық жолаушыны құрайды. Жолаушылар ағынының ұлғаюын ескере отырып, станциялардың вокзалында жолаушылардың жайлы және қауіпсіз болуы үшін жағдай жасалады", - деді компания өкілдері.