Туристерге арналған Tau Go смарт-навигаторы іске қосылады

Туристерге арналған Tau Go смарт-навигаторы іске қосылады
Сурет: Morena.KZ

ТЖМ бүгін осындай ақпаратты жария етті.

ТЖ жөніндегі бірінші вице-министр Ибрагим Күлшімбаевтың айтуынша, Tau Go смарт-навигаторы мобильді қосымшасын іске қосу бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

«Туристік навигацияның бірыңғай жүйесін құру және Төтенше жағдайлар департаменттерінің базасымен интеграцияланатын тауға шығатын әуесқойлар үшін Tau Go смарт-навигаторы мобильді қосымшасын іске қосу бойынша жұмыс жүргізілуде. Офлайн режимде жұмыс істейтін 2 ГИС жүйесін байланыстыра отырып, таулы жерлерде туристік маршруттарды цифрландыру бойынша жұмыс қолға алынды. Туристердің жүру маршруттарында қауіпсіздік шараларын сақтау және шұғыл қызметтердің телефондары  көрсетілген ақпараттық қалқандар орнатылады. Тауларда туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Алматы қаласының таулы жерлерінің жекелеген учаскелерінде 15 үйшік салынды, онда туристерге күту және алғашқы көмек апаттық жинағын алуға жағдай жасалынған. Үйшіктердің жанында "SOS" спутниктік сигналды Құтқару қызметінің "112" және "109" пульттеріне беру үшін дабыл түймелері орнатылған», - деді спикер.

Сонымен қатар И.Күлшімбаевтың айтуынша, барлық ескерту шараларына қарамастан, азаматтар ауа райы жағдайларына және маршруттың қиындығына немқұрайлы қарайды, осылайша өз өмірлері мен жақындарына қауіп төндіреді.

Биыл қыста құтқару бөлімшелері таулы жерлерге саяхатқа шыққан, үйге қайту үшін қозғалыс бағытын өз бетінше анықтай алмаған 147 туристі іздеу бойынша 14 іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізген.