«Бастау» кинофестивалі «Соғыс тұтқыны» фильмімен ашылады

«Бастау» кинофестивалі «Соғыс тұтқыны» фильмімен ашылады
Сурет: Almaty-akshamy.kz

2023 жылдың 12-16 желтоқсан аралығында Алматыда XI Халықаралық «Бастау» студенттік және дебюттік фильмдер кинофестивалі өтеді.

12 желтоқсанда Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрында фестиваль салтанатты түрде режиссер Елдар Қапаровтың «Соғыс тұтқыны» тарихи драмасының премьерасымен ашылады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Фильмдегі оқиғаның негізі екінші дүниежүзілік соғыстан кейін кеңестік тұтқында болған жапондық жас жігіт, императорлық мектептің курсанты Ахико Тецуроның шынайы тарихы мен тағдыры. Лагерьде жас жапондық соғыстың нағыз батыры, Кеңес Армиясында қызмет еткен және Берлинге шабуыл жасауға қатысқан қазақ жауынгері Әкежанмен кездеседі. Ол кейін Жапон соғысына жіберіліп, онда жарақат алып, тұтқынға түскен. Қайтып оралғаннан кейін Әкежан "сатқын және халық жауы" ретінде сотталған…

Фильмді продюсерлер Борис Чердабаев және Әлия Увальжанова бастаған халықаралық команда түсріген. Жапондар жақтан Сано Синдзю және Шуичи Есимура болды. Басты кейіпкерлердің рөлдерін Сырым Қашқабаев (Қазақстан) және Эйсаку Огасавара (Жапония) сомдады.

Фестиваль дәстүрлі түрде Tanaris Production және A-Team кинокомпанияларымен Алматы қаласы әкімдігінің және ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылады. Фестивальдің серіктестері – Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы, «Тұран» университетінің Turan Film Academy жоғары мектебі, AlmaU медиа және кино мектебі және Қазақ ұлттық өнер университеті.

Барлық көрсетілімдер "Арман" киноорталығында өтеді. Кіру тегін.

Фестиваль жаңалықтарын bastauiff.com сайтынан және біздің bastauiff – Instagram және Facebook парақшаларымыздан жіберіп алмаңыз.