Баланы 1-сыныпқа қабылдау үшін саусақ іздері қажет пе?

Баланы 1-сыныпқа қабылдау үшін саусақ іздері қажет пе?
Сурет: 9111.ru

Telegram-арналарда балаларды бірінші сыныпқа қабылдау үшін саусақ іздері мен интимдік өмірі туралы анықтама талап етіледі деген ақпарат тараған.

Білім министрлігінің ақпаратына сәйкес, балаларды бірінші сыныпқа қабылдау үшін мұндай мәліметтер ұсынудың қажеті жоқ, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Балалар бірінші сыныпқа алты жастан бастап қабылданады. Баланы бірінші сыныпқа беру үшін ата-ана «Электрондық үкімет» порталы арқылы немесе қағаз тасымалдағышта 1 сәуірден 1 тамызға дейін мынадай құжаттарды ұсынады:

ата-аналардың мектепке қабылдау туралы өтініші;

баланың туу туралы куәлігі;

денсаулық жағдайы туралы анықтама, №063у нысан;

баланың денсаулық паспорты 026 / у-3;

баланың фотосуреті 3х4 см (2 дана), – деп хабарлады ведомстводан.

Желіде тараған хабарламада мектепке бару үшін қажет ақпарат тізбесінде міндетті әлеуметтік сақтандыру полисінің реквизиттері, дербес есепшоттың сақтандыру нөмірі сынды тармақтар көрсетілген. Ал қазақстандықтарда мұндай құжат атымен жоқ.

«Демек, қазақстандық чаттарда таратылған ақпараттың біздің елге қатысы жоқ», - делінген хабарламада.