Азаттыққа ұмтылыс: Азаматтық ерлік лайықты бағасын алуы керек

Азаттыққа ұмтылыс: Азаматтық ерлік лайықты бағасын алуы керек
almaty-akshamy.kz

1986 жылы өрімдей ұл-қыздарымыз Кеңес Одағының қаһарынан қаймықпай, ұлт намысы үшін алаңға шықты. Осы күннен соң тура бес жыл өткенде Тәуелсіздігімізді жариялауымыздың символ­дық мәні зор. Бұл орайда, азаттықтың алғашқы қарлығаштары – Желтоқсан қаһармандарының азаматтық ерлігі лайықты бағасын алып, жоспарлы түрде насихатталуы керек.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ


ТӘУЕЛСІЗДІКТІ  ЖАҚЫНДАТҚАН  ЖЕЛТОҚСАН

Демократия десе, көз алдымызға не елес­тейді? Әрине, ойымызға бірден Америка Құ­рама Штаттары келеді. XIX ғасырда Фран­цияда өмір сүрген қоғам қайраткері, ғалым Алексис де Токвилдің «Америкадағы демок­ратия» атты еңбегі бар. Қазір ғана емес, сол заманның өзінде АҚШ-тағы демократиялық өзгерістер еуропалық саясаткерлер мен ға­лымдарды таңқалдырған. Солардың ішінде Алексис де Токвил бар. Ол атақты еңбегін АҚШ-қа сапары барысында жергілікті өмірді көру арқылы жазды.

Халқымызда көріпкелдігімен есте қалған ірі тұлғалар бар. Бірі Мәшһүр Жүсіп десе, өз­гелері Абылай ханның түсін жорыған Бұқар жыраудың есімін еске алады. Жаһандық дең­гейдегі осындай тұлғалардың бірі Алексис де Токвил. Ол өз кітабында «ерте ме, кеш пе, бәрібір әлемде демократия орнайды», – деп болжап еді.

XX ғасырда оның болжамын америкалық әлеуметтанушы және саясаттанушы Самуэл Хантингтон дәлелдеді. Ол «демократиялану толқындары» теориясын жасады. Демокра­тиялану толқыны теориясы саяси жаңғыру концепциясы аясында өмірге келді. Оның теориясы бойынша XIX ғасырдың басынан бері 3 демократиялану толқыны мен 2 кері кету толқындары болды:

  • 1-толқын (1828–1926 ж.ж.)
  • 1-кері кету (1922–-1942 ж.ж.)
  • 2-толқын (1943–1962 ж.ж.)
  • 2-кері кету (1958–1975 ж.ж.)
  • 3-толқын (1974 ж. бері).

Кері кету толқынында демократиялық өз­герістер тежелген. КРСО ыдыраған соң одақ­тас елдердің тәуелсіздік алу үрдісі осы үшінші демократиялану толқыны аясында өтті.

ТАРИХИ ӘДІЛДІК КЕРЕК

Демократиялану үдерісіне тек әлемдік со­ғыстар ғана емес, колониялардағы азаттық үшін күрес те әсер еткен. Тәуелсіздікке қол жеткізген елдердің тарихына мән беріп қарай­тын болсақ, халықтың егемендік үшін күрес­кенін көреміз. Америка демократиясы атала­рының саяси идеялары, Махатма Гандидің бейбіт жолмен күресі, Мұстафа Кемалдың этатизміне негізделген саяси күресі болмаса қазіргі заманғы АҚШ, Үндістан мен Түркияны елестете алмаушы едік. Бұл саяси күрестің астарында халықтың әділдік, теңдік пен еркіндікке ұмтылысы жатыр.

Қазақстанның тәуелсіздік алуына да ха­лықтың демократияға ұмтылысы әсер етті. Демократияға ұмтылыс жалаң сөз емес, аста­рында әділдік, теңдік пен еркіндік бар. Тәуелсіздікке жол ашқан 1986 жылы 17-18 желтоқсандағы жастардың көтерілісі себепші болды.

Күреспей жеткен дүниенің еш қадірі бол­майды. Сондықтан осы тарихи күндерге тек саяси-құқықтық баға беріліп қана қоймай, мемлекеттік идеологияның негізіне айналуы тиіс. Сол кезде ғана мемлекет пен халық шы­найы рухани тәуелсіз екенін сезінеді.

Желтоқсан көтерілісінің егемендік пен тәуелсіздікке қол жеткізудегі тарихи рөлін мойындау арқылы біз тарихи әділдікті ғана қалпына келтірмейміз. Біз осы арқылы демок­ратиялық өзгерістерге жол ашамыз. Себебі, жастардың алаңға шығуына демократиялық талаптары әсер етті. Бұл бағытта жұмыс істеу­ге заңнамалық негіз бен атқарылып жатқан шаралар жеткілікті.

Сөзсіз XX ғасырды адамзат тарихындағы маңызды кезең деуге болады. Себебі, колониал­ды жүйе күйреп, бүкіл әлемде тәуелсіздік салтанат құрды. Бірінші дүниежүзілік соғыс империализмге ауыр соққы берді. Алып державалар енді есін жинай бергенде Екінші дүниежүзілік соғыс басталды. Осы екі әлем соғысынан соң көп ел егемендікке қол жеткізді. КСРО-ның ыдырауы мен Югославияның бөлінуі бұл үдерістің соңғы нүктесін қойды. Кеңес өкіметі ыдыраған соң Қазақстан тәуелсіздікке ие болды. Сол тәуелсіздікке халық­тың демократияға деген ұмты­лысы себепші болды. Бұл тарихи әділдік ақырындап қалпына келуде. Осы орайда тек Тәуелсіздік күнін ғана емес, Демократиялық жаңару күнінің де тарихи маңыздылығын атап өткен жөн.

 

«ЕГЕМЕН ЕЛДЕР ШЕРУІ»

1986 жылдан басталды

Еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биыл егемендік күні қарсаңында өткен шарада сөйлеген сөзінде «Біз қазір Әділетті Қазақстанды құрып жатырмыз. Сондықтан өткен заманның қайраткерлеріне, олардың еңбегіне лайықты, әділетті баға беріп оты­руымыз керек», – деп еді. Осы орайда өткенге назар аударған жөн.

1991 жылы 16 желтоқсанда Жоғарғы ке­ңесі «ҚР тәуелсіздігі туралы» заңды қабылда­ды. Одан бір жыл бұрын 25 қазанда «Еге­мендік декларациясын» қабылдап еді. Бұл Жоғарғы Кеңестің азаттық тарихындағы ма­ңызды рөлін көрсетеді.

Осы күндер өте маңызды. Десе де, сол өз­герістерге біз жоғарыда атап өткен 1986 жыл­ғы жастардың көтерілісі себеп болды. 1991 жылы 12 желтоқсанда «Қазақстандағы 1986 жылғы 17-18 желтоқсандағы оқиғаларға қа­тысқаны үшін жауаптылыққа тартылған аза­маттарды ақтау туралы» Жарлық шығып, Қа­зақстандағы 1986 жылғы желтоқсанның 17-18-індегі оқиғаларға қатысқаны үшін қыл­мыстық, әкімшілік және тәртіптік жауапқа тартылған адамдар ақталды. Сондай-ақ, Жар­лықтың 4-тармағы бойынша желтоқсанның 17-сі – Қазақстан Республикасының Демокра­тиялық жаңару күні деп жарияланды. Себебі, дәл сол оқиғалар демократиялық және рухани саладағы өзгерістерге түрткі болды.

Ресейлік депутат Петр Зериннің «Сувере­нитеттер парады» деген тұжырымы бар. Ол бұл сөзі арқылы 1988–1991 жылдардағы одақ­тас республикалардағы тәуелсіздікке ұмтыл­ған саяси күресті сипаттады. Депутат не үшін 1988 жылдан бастады? Себебі, сол жылы бал­тық бойы елдерінде Эстония, Литва және Латвияда саяси күрес басталды. Біздіңше «Егемен елдер шеруін» 1986 жылдан бастаған жөн. Себебі, Михаил Горбачевтің саяси рефор­малары басталғаннан кейінгі ең алғашқы ха­лық толқулары сол жылы Алматыда өткен. Кейін халықтың егемендікке ұмтылысы рес­публика басшылығының саяси сақтығының әсерінен бір орында тұра­лап қалды.