Айт намазы қалай оқылады?

Айт намазы қалай оқылады?
almaty-akshamy.kz

Айт мейрамы намаз оқумен басталады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өсиетiнде: «Айт күнi бiрiншi орындайтынымыз – намаз оқу», – делiнген. Айт намазы дiнiмiздiң ұраны болғандықтан, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өмiрiнде оны бiр рет те қалдырмай оқыған.

Айт намазы – екі рәкат. Жамағатпен жария түрде оқылады. Азан мен қамат оқылмайды. Имам: «Екі рәкат Айт намазына ниет еттім», – деп ниет етеді. 

Ал жамағат: «Екі рәкат Айт намазына ниет еттім, ұйыдым имамға» деп ниет етеді. «Аллаһу әкбар» деп, ифтитах (ашу, бастау) тәкбірі алынады. Қолдар байланып, имам мен жамағат бірге құпиялай «Субханака Аллаһумма» дұғасын оқиды. Одан кейін имам жариялай, жамағат құпия түрде «Аллаһу әкбар» деп, үш рет тәкбір айтады. Әрбір тәкбірді айтқанда, қолдар жоғары көтеріліп, екі жанына түсіріледі. Әрбір тәкбірдің арасында үш тәсбих айтылатындай сәт тұрады. Үшінші тәкбірден кейін қолдар байланып, имам «Ә’узу» мен «Бисмиллаһты» құпиялай, одан кейін «Фатиха» мен қосымша сүрені жариялай оқиды. Осыдан кейін жариялай «Аллаһу әкбар» деп рүкүғ пен сәждеге барады. Жамағат та құпиялай тәкбір алып, имамға ұйиды. Содан кейін екінші рәкатқа бастайды. Имам құпиялай – «Бисмиллаһ», жариялай – «Фатиха», содан кейін қосымша сүре оқиды. Міне, осыдан кейін осы жерде алғашқы рәкаттағыдай үш рет тәкбір алады. Бұдан кейін имам жариялай, жамағат құпия түрде «Аллаһу әкбар» деп, рүкүғ пен сәждеге барады. Одан кейін отырып, «әттахият», «салауат», «рәббәнә» дұғалары оқылып, екі жаққа сәлем беріледі. Яғни бұл айт намаздарының әрбір рәкаттарында үш қосымша тәкбір бар. Бұл тәкбірлер – уәжіп.

Құтпашы айт намаздарының артынан мінберге шығып, тіке тұрып, жұмадағыдай екі құтпа оқиды. Айт құтпалары тәкбірмен басталып, жамағат та осы тәкбірге жайлап қосылады. Жұма намазындағы сүннеттер мұнда да – сүннет. Мәкрүһ болған нәрселер бұл жерде де – мәкрүһ. Айт құтпасының намаздан бұрын оқылуы – мәкрүһ.

Имам бірінші рәкатта айт тәкбірлерін ұмытып, «Фатиханы» оқып жатқанда есіне түссе, дереу тәкбірлерді алып, «Фатиханы» қайта оқиды. Бірақ «Фатиха» мен Құранды оқығаннан кейін есіне түссе, тек қана тәкбірлерді алады. Қайта оқудың қажеті жоқ.

Айт күнi момын мұсылмандар намаздан соң бiр-бiрiн құшақтап, құттықтайды.