Айдар ӘМІРЕБАЕВ, Саяси зерттеулер орталығының басшысы, саяси сарапшы: Бір белесті өткіздік

Айдар ӘМІРЕБАЕВ, Саяси зерттеулер орталығының басшысы, саяси сарапшы: Бір белесті өткіздік
almaty-akshamy.kz

- Өздеріңіз білетіндей, мерзімнен тыс президенттік сайлау болды. Аталған процесті саяси сарапшы ретінде өзімізше бақылаған едік. Оған негізінен шетелдік және отандық бақылаушылар өз бағасын берді. Еxit poll мәліметтерін де көрдік. Осыған байланысты «дөңгелек үстел» өткіздік. Былайша айтқанда, елімізде жасалып жатқан тұжырымдамаларды және болашақта болатын тенденцияларды зерделеудеміз.

Сайлау өз деңгейінде өтті деген қорытындыға келдік. Алайда, аса бір дүрліктірерліктей көп жаңалық бола қоймады. Мұны саяси тұрғыдан баға беретін болсақ, өте тартысты әрі қызу өтті деп айта алмаймыз.

Қазір бағамдап қарасаңыздар, түрлі өзгеріс болуда. Әлемде саяси тұрақсыздық жүріп жатыр. Оның да әсері бар. Бізге халықтың мұң-мұқтажын тыңдап, әлеуметтік әлеуетін жақсартатын билік керек. Осы ұстанымнан айнымайтын болсақ, көптеген игі істерді іске асырамыз. Президент 7 жылда ойға алған істерін жасай алады. Бұрынғыдай 4-5 жыл болса, алғашқы 2 жылында тек зерттеумен айналысып, одан кейінгі 2 жылында үйренумен айналысар еді. 7 саны қазақ үшін киелі саналады. Жалпы айтқанда, осының бәрін ескеріп айқындасақ, алда жақсылықтың лебі еседі деп сенейік.

Қоғам тұрақтылықты аңсайды. Соңғы қаңтар оқиғасы қабырғамызды қайыстырып кетті. Сондықтан тыныштықты көпшілік дұрыс көруде. Бір сөзбен айтқанда, сайлау тыныштық, байыптылықпен өте шықты. Сайысқа шығатын саясаткерлердің дода уақытында шығатыны шықты, шықпағандарының іші біледі. Бұдан кейін Парламент Мәжілісінің сайлауы тұр. Сол кезде белсенділік танытатындар болып қалар. Бұл да бір белес. Ойды түйіндей келе, сайлау дұрыс өтті демекпіз.