Автокөлік иелері дайын құжаттарын мамандандырылған ХҚО-ға бармай-ақ ала алады

Автокөлік иелері дайын құжаттарын мамандандырылған ХҚО-ға бармай-ақ ала алады
Өңірлік коммуникациялар қызметі

Алматылық автокөлік иелері онлайн рәсімдеген құжаттарын мамандандырылған ХҚО-ға бармай-ақ ала алады, деп хабарлайды almaty-akshamy.kz «Азаматтарға арналған үкімет»  мемлекеттік корпорациясы Алматы қаласы филиалына сілтеме жасап.

Осы жылдың қаңтарынан бастап алматылық автокөлік иелері онлайн рәсімдеген құжаттарын Мамандандырылған ХҚО-ларға бармай-ақ ала алатын болды. Енді Алматы қаласы Жандосов көшесі, 51 мекенжайында орналасқан Әуезов аудандық ХҚО ғимаратының 2-ші қабатында онлайн форматта рәсімделген дайын құжаттарды беру секторы жұмыс істейді. Мұнда “көлік құралдарын тіркеу” және “жүргізуші куәліктері” бойынша дайын құжаттарды алуға болады.

«Қала тұрғындары онлайн рәсімдеген құжаттарын алысқа бармай, қала орталығынан алу үшін арнайы сектор аштық. Мұнда көлік құралдарына қатысты онлайн рәсімделген құжаттардың дайын нұсқасын алады. Осылайша, көлік иелері уақытын үнемдейді. Қала тұрғындары оның қолайлылығын сезініп те жатыр. Бір ай ішінде мұнда 2 мыңға жуық (1787 құжат. Оның 771-і көлік құралын мемлекеттік тіркеу бойынша, 1016-сы жүргізуші куәліктері) автокөлік иелері өз құжаттарын алды», - дейді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Алматы қаласы филиалы директорының орынбасары Айнаш Аубакирова.

Дайын құжаттарды беру секторы дүйсенбі мен жұма аралығында таңғы 9:00-ден 18:00-ге дейін үзіліссіз жұмыс істейді.

Алматы филиалының автокөлік иелеріне жасаған жағдайлары тек бұл ғана емес. "AllurAuto", "Хюндай", "Mycar" "Aster auto" "Chanqan» сияқты 9 автосалонда АвтоХҚО мамандары көлік құралдарын мемлекеттік тіркеу бойынша құжаттарды қабылдап отыр.

Естеріңізге сала кетсек, Алматы қаласында автокөлік иелеріне арналған 4 Мамандандырылған ХҚО жұмыс істейді. Олар:

№ 1 мамандандырылған ХҚО - Алатау ауданы, Саялы ш/а, Аққайнар көшесі, 1

№ 2 мамандандырылған ХҚО - Түрксіб ауданы, Б. Майлин көшесі, 240а

№ 5 мамандандырылған ХҚО, Түрксіб ауданы, Қайрат ш/а, Құлжа трактісі, 9 к

№ 6 мамандандырылған ХҚО - Жетісу ауданы, Кемел ш/а, Ақсуат көшесі, 118.

Алматы МХҚО-лары жұмыс кестесі дүйсенбіден жұмаға дейін 9:00-ден 18:00-ге дейін. (Сенбі күні кезекші - №1 МХҚО сағат 9-дан 13.00-ге дейін жұмыс істейді).

Өткен жылы Алматы қаласының Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету бөлімдері арқылы 1,3 (1 280 252)  миллионға жуық мемлекеттік қызмет көрсетілді.