Аустрия канцлері қызметінен кетті

Аустрия канцлері қызметінен кетті
Cурет: Global Look Press

Ол өзінің орнына сыртқы істер министрі Александр Шалленбергті ұсынды.

Аустрия канцлері Себастьян Курц сыбайлас жемқорлыққа қатысты туындаған даудан кейін қызметінен кетті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Egemen.kz-ке сілтеме жасап.

Сондай-ақ Курц бастаған тағы тоғыз адам тергеуге алынған. Оған мемлекет қаражатын таблоидтық газеттерде өзінің оң имиджін қалыптастыруға пайдаланды деген айып тағылды. Алайда Курц оның бәрін жоққа шығарды.

«Бұған дейін мені қылмыстық әрекеттер жасады деп айыптады. Оның бәрі 2016 жылғы оқиғаға қатысты. Бірақ оның бәрі – жалған, мен бұл мәселені анықтай алатыныма сенімдімін», - деді Курц сенбі күні Венадағы канцлер кеңсесінде өткен баспасөз мәслихатында.

Дегенмен, канцлер қызметінен кетуге мәжбүр болғанын жеткізді. Өйткені Парламенттегі «Жасылдар» партиясы жемқорлыққа қатысты даудан кейін Курцты қолдамайтынын мәлімдеген. Олар канцлерге сенімсіздік білдіреміз деп қорқытқан оппозициялық партиялармен келіссөздерді бастап кетті.
«Жасылдар» партиясының жетекшісі және вице-канцлер Вернер Коглер Курцтың отставкасын құптады. Сон-дай-ақ Шалленбергпен жұмыс істеуге дайын екенін білдіріп, олардың «өте конструктивті» қарым-қатынаста екенін жеткізді.