Ауыл шаруашылығы техникаларын да жеңілдетілген несиемен беру керек

Ауыл шаруашылығы техникаларын да жеңілдетілген несиемен беру керек
Сурет: Inbusiness.kz

Екінші жыл қатарынан болған құрғақшылықтың кесірінен фермерлердің де жағдайы мәз емес.

Бұл - Қостанай трактор зауытының директоры Динара Шүкіжанованың пікірі, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

«Қостанай трактор зауытында шығарылатын техникалардың бағасына кәдеге жарату алымының құны қосылмайды. Бұған қоса, Қазақстан аумағында ауыл шаруашылығы техникаларын шығаратын барлық зауыттың өз техникалары бағасына кәдеге жарату алымын қоспайтындығын атап өткен жөн. Бұған дейін Ауыл шаруашылығы министрлігі 2021 жылы сатып алынған техникалардың 89 пайызы елімізде құралыстырылғандығы туралы ақпарат таратқан болатын. Демек, техникалардың 89 пайызы кәдеге жарату алымы құнысыз сатып алынған деген сөз», - деді ол.

Осы ретте зауыт директоры жеңіл көліктермен қатар ауыл шаруашылығы техникаларын жеңілдетілген несиемен сату бағдарламасының қажет екендігін алға тартады.

«Жеңілдетілген несиені ауыл шаруашылығы техникаларына да беру керек сияқты. Фермерлердің жағдайы қандай болып отырғанын өздеріңіз де білесіздер, екінші жыл қатарынан құрғақшылық болып тұр. Сол себепті ауыл шаруашылығы техникаларының жеңілдетілген несиемен берілуін фермерлер тағатсыздана күтуде», - деді Динара Шүкіжанова.