Ауа райына қатысты 9 өңірде ескерту жарияланды

Ауа райына қатысты 9 өңірде ескерту жарияланды

4 мамыр күні ауа райының бұзылуына байланысты "Қазгидромет" бірнеше өңірде ескерту жариялады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Алматы қаласында 4 мамыр кешке және 5 мамыр түнде қатты жаңбыр күтіледі. 4 мамыр таңертең және күндіз, 5 мамыр тәулік бойы найзағай жарқылдайды. 5 мамыр бұршақ жауады. Солтүстік-шығыстан жел соғады, найзағай кезінде екпіні 15-20 м/с жетеді.

Қарағанды облысының шығысында, орталығында найзағай ойнайды. Солтүстік-шығыстан, шығыстан жел соғады, облыстың солтүстігінде, шығысында, орталығында күші 15-20 м/с артады.

Күндіз Ақмола облысының оңтүстік-батысында найзағай болжанады. Шығыстан, оңтүстік-шығыстан жел соғады, күші облыстың оңтүстігінде 15-20 м/с құрайды.

Түркістан облысының таулы және тау бөктерлі аудандарында қатты жаңбыр жауады. Өңірдің солтүстігінде, оңтүстігінде, батысында, таулы және тау бөктерлі аудандарында найзағай, дауыл, бұршақ болжанады. Желдің күші оңтүстік-батыстан солтүстік-батысқа ауысып, найзағай кезінде 17- 22 м/с құрайды.

Шымкент қаласында түнде қатты жаңбыр жауады. Кей уақытта найзағай, дауыл күтіледі. Желдің күші оңтүстік-батыстан солтүстік-батысқа ауысып, найзағай уақытында екпіні 17- 22 м/с құрайды.

Қызылорда облысының шығысында найзағай ойнап, дауыл соғады. Нұр-Сұлтан қаласында шығыстан, оңтүстік-шығыстан жел соғады, екпіні 15-20 м/с артады.

Қостанай облысының оңтүстігінде найзағай ойнап, шығыстан 15-20 м/с жылдамдықпен жел соғады.

Жамбыл облысында қатты жаңбыр күтіледі. 4-6 мамырда облыстың солтүстігінде, оңтүстігінде, таулы аудандарында найзағай жарқылдап, бұршақ жауады, дауыл болады. 4 мамырда кей уақытта желдің күші 25 м/с артады.

Бұдан бөлек, 4-5 мамырда Түркістан және Жамбыл облыстарында, 4-6 мамырда Алматы облысының және Алматы қаласының маңындағы таулы аудандарда ағынды сулар қалыптасып, өзендерде су деңгейі көтерілуі ықтимал.