Амандық Баталов 19 миллионыншы тұрғынның отбасына құттықтау хат жолдады

Амандық Баталов 19 миллионыншы тұрғынның отбасына құттықтау хат жолдады
Сурет:Kubnews.ru

Қазақстанның 19 миллионыншы тұрғыны Жания Азаматқызы Жетісу жерінде дүниеге келді. 

Алматы облысының әкімі Амандық Баталов Қазақстанның 19 миллионыншы тұрғыны Жания Азаматқызының ата-анасына құттықтау хатын жолдады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.  

Облыс әкімінің баспасөз қызметінің мәліметі бойынша, Жания Азаматқызы Іле ауданының тұрғындары Нұрғалиевтар отбасында дүниеге келген.  

«Қазақстанның 19 миллионыншы тұрғыны Жания Азаматқызының Жетісу жерінде, сіздердің отбасыларыңызда өмірге келуімен шын жүректен құттықтаймын! 

Бұл – ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығындағы айтулы оқиға, бір отбасының ғана емес, барша жұртшылықтың қуанышы. Осы ақжолтай сүйінші хабарды Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жариялаған сәтте оны, әсіресе, жетісулықтар зор ризашылықпен қабылдады. 

Осыдан небары төрт жыл бұрын біздің Алматы облысында мемлекетіміздің 18 миллионыншы тұрғыны Мүслима Саматқызы дүние есігін ашқан еді. Міне, аз ғана уақытта еліміздегі демографиялық өсімнің нәтижесінде 19 миллионыншы межеге жетіп отыр. Бұл - Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің, халықтың болашаққа деген зор сенімінің айқын көрінісі. 

Барша жетісулықтардың атынан кішкентай сәбидің аман-сау ер жетіп, елдің абыройлы азаматы болып өсуіне тілектестік білдіремін! Отбасыларыңызға бақ-дәулет, ұрпақтарыңызға жарқын өмір тілеймін. Ел ішінің тыныштығы мен берекесі нығайып, халқымыздың ырысы арта берсін!» - делінген құттықтау хатта.

Жалпы 1 маусымдағы мәлімет бойынша, Алматы облысындағы тұрғындар саны 2 088 822 адамға жетті.