Алматының Әуезов ауданында 21 шақырымнан астам жол жөнделеді

Алматының Әуезов ауданында 21 шақырымнан астам жол жөнделеді
Сурет: Рskovgorod.ru

Әуезов ауданының әкімі Сайран Сайфеденов Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз конференциясы барысында жыл соңына дейін қандай жолдардың жаңартылатынын және аудан көшелерін жарықтандыру мәселесі қалай шешіліп жатқанын айтты.

 Сайран Сайфеденовтің айтуынша, ауданда жол тесіктерін ағымдық жөндеу жұмыстары белсенді түрде жүргізілуде. Қазірдің өзінде 13,5 мың м2 шұңқыр жөнделді, 749 ақау жойылды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

 Жалпы ұзындығы 21,5 шақырымды құрайтын 33 көшеде орташа жол жөндеудің бірінші кезеңінде жұмыстар жүргізілуде.

 Сонымен қатар Төле би көшесінің ұзындығы 3,5 шақырым болатын жолдарын орташа жөндеудің екінші кезеңіне конкурстық шаралар жүргізілуде.

 «Биыл ұзындығы 15 км болатын жаяу жүргіншілер жолын абаттандыру жоспарланған, бүгінде 9,5 км аяқталды. Жұмыс қараша айының соңына дейін аяқталады», - деді Сайран Сайфеденов.

 Сонымен қатар, арықтарды жөндеу мәселесі жүзеге асырылуда. Аудан әкімдігіне 121 шақырым арық тиесілі. Биыл Шаляпин көшесін орташа жөндеу аясында 1 км суармалы арық желісі ауыстырылды. Сондай-ақ 42,6 шақырымдық арық торабының құрылысына конкурстық шаралар жүргізілуде.

 Сайран Сайфеденов көшелерді сапалы жарықтандыру ауданды абаттандырудағы басым мәселенің бірі екенін айтты.

 «Көшені жақсы жарықтандыру қалалық ортаны жақсартады, адамдарға жайлылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етеді. Біздің ауданда сыртқы жарықтандыру желісінің ұзындығы 410 шақырымды құрайды, бұл 14 мың жарық нүктесінен асады. Әуезов ауданында бірінші жартыжылдықта жартылай жарықтандырылмаған 89 жерге тағы 1166 шам орнатылды», - деді аудан әкімі.

 Ол ескі шамдар заманауи 1341 жарықдиодты шамдарға ауыстырылатынын, олар ауданның 9 көшесінде (Абай даңғылы, Алтынсарин даңғылы, Шаляпин көшесі, Айрихи көшесі, Қабдолов-Марғұлан көшесі, Жұбанов көшесі, Яссауи көшесі, Ұлықбек көшесі, Елемесов көшесі) пайда болатынын айтты. Қазіргі кезде ауыстыру жұмыстары 15%-ға орындалды.

 Сонымен қатар биыл Достық шағынауданының 7 көшесіне сыртқы жарық желісін салу жоспарлануда, мұнда 198 шам орнатылады.