Алматының негізгі капиталына түскен инвестиция көлемі артып келеді

Алматының негізгі капиталына түскен инвестиция көлемі артып келеді
Сурет: Time.kz

135,6 млрд теңгеден аса қаржы тартылды.

Жаңа жылдан бері, яғни соңғы екі айдың өзінде мегаполис мүддесі үшін 135 млрд теңгеден астам қаражат құйылған. Дәлірек айтсақ, салымдар 8,5 пайызға артып отыр. Ал былтыр бұл көрсеткіш толық бір жылда 15 пайызды құраған, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Almaty.tv сілтеме жасап.

Былтыр қала капиталына 1 триллион 185 млрд теңгеден астам инвестиция тартылыпты. Бұл 15 пайыздан асады. Салымдар көбіне жылжымайтын мүлік, көлік және өндіріске жұмсалған.

 «Соңғы екі айдың өзінде жалпы инвестиция көлемінің артып келе жатқанын байқаймыз. Негізгі капиталға 135,6 млрд теңгеден аса қаржы тартылды. Қаржыландырудың негізгі көзі, яғни 70 пайызы кәсіпкерлердің есебінен түседі. Қалғаны заемдар мен мемлекеттік бюджеттен салынған инвестициялар», - деді кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы басшысының орынбасары Қалибек Ақылбеков.

Инвестиция есебінен жүзеге асып жатқан жобалар көбіне Алатау және Әуезов аудандарына тиесілі. Жалпы, биыл ел қазынасынан қалаға жеке үй құрылысына 60 млрд теңге қаржы құйылмақ.