Алматының Наурызбай ауданында 50 км-ге жуық жол жөнделеді

Алматының Наурызбай ауданында 50 км-ге жуық жол жөнделеді
Сурет: ашық дереккөз

ӨКҚ брифингіне қатысқан Наурызбай ауданының әкімі Назира Тоғызбаева жол инфрақұрылымының дамуы туралы айтты, деп хабарлайды  аlmaty-akshamy.kz. 

Наурызбай ауданында жалпы ұзындығы 298 шақырым 348 көше бар, асфальтталған жолдардың үлесі – 87% құрайды.

«Ақжар шағын ауданында жалпы ұзындығы 45,3 шақырым 89 көшеде жол салу жоспарланған. Бүгінгі таңда жол құрылысымен 15 шақырым қамтылған. Қалған көшелер немесе 30 шақырым инженерлік желілер құрылысы аяқталғаннан кейін асфальтталатын болады», - деді аудан басшысы.

Сонымен қатар, Шұғыла шағын ауданы бойынша ұзындығы 6,8 шақырым 13 көшеде жол салу жоспарланған. Биыл ұзындығы 5 шақырым 9 көше құрылыспен қамтылды, қалған 4 көше 2024 жылы аяқталады деп жоспарлануда.

Сонымен қатар, Шұғыла, Рахат, Таусамалы, Қалқаман шағын аудандарында, жалпы ұзындығы 15 шақырым 16 көшеде жолдарға орташа жөндеу жүргізілді. Осыған ұқсас жұмыстарды жүргізу үшін 2024 жылы Қалалық мобильділік  басқармасына ұзындығы 40 шақырым 38 көшені орташа жөндеуге өтінім жолданды.

Осы жылдың басынан бері шұңқырларды жөндеу жұмыстары жүргізілді, нәтижесінде 170 көшеде 45 мың м2 жол жөнделді. Техникалық тротуармен көлемі 8 мың м2 асатын 11 көше қамтамасыз етілген.