Алматының әр ауданында күнде жаңа жылдық концерттер өтуде

Алматының әр ауданында күнде жаңа жылдық концерттер өтуде
Сурет Алматы қаласы әкімдігі

Жаңа жыл қарсаңында Алматының әр ауданында танымал әншілердің қатысуымен күнде концерттер өтіп жатыр. Сағат 18:00-ден 20:00-ге дейін #Алматы2024жыл Қысқы Жаңа жылдық фестиваль аясында Кенжебек Жанәбілов, Мөлдір Әуелбекова, Өмірқұл Айниязов, Әлішер Қонысбаев, Райым Уайс, Абай Бегей, Асхат Тарғын, Altair & Abbi, Нұрмұхаммед Жақып, Мұхтар ханзада, Нұрсұлтан Нұрбердиев, Ақбота-Нұр, Жандос Қаржаубай, Жігер Ауыпбаев, Алтынбек Тәшімбетов және басқа да әртістер сахналарда өнер көрсетуде, деп хабарлайды almaty-akshamy.kz

Фестиваль бағдарламасында Аяз ата мен Ақшақардың, сиқыршылар мен аниматорлардың қатысуымен жарқын қойылымдар болады. Сонымен қатар концерт ұйымдастырушылары телефондар, колонкалар, құлаққаптар және т.б. сыйлықтар ойнатып жатыр.  Конкурс шарттары мен концерт афишалары Алматы қаласы Мәдениет басқармасының Instagram-дағы @almatymadeniet ресми парақшасында жарияланған. 

Сонымен, Алатау ауданының тұрғындары «Алматы-Арена» алаңында ұйымдастырылған жаңа жылдық концерттерді тамашалай алады. Спорт кешенінің алдындағы алаң шыршамен және жаңа жылдық композициялармен әсем безендірілген. Қызықты шоу-бағдарлама халыққа жақсы көңіл-күй сыйлайтыны сөзсіз. 

Әуезов ауданында Наталья Сац атындағы балалар мен жасөспірімдерге арналған мемлекеттік академиялық орыс театрының алдындағы алаң халық жиналатын танымал демалыс алаңына айналды. Күндіз театрда «Ертегілер әлеміндегі жаңа жылдық калейдоскоп» шоуы ұсынылған, ал кешкі уақытта мерекелік концерт театр алдындағы ашық алаңда өтеді.

Ал Бостандық ауданында Қысқы Жаңа жылдық фестиваль «Атакент» алдындағы алаңда өтіп жатыр. Концерт жүргізушілері мен танымал әншілер халыққа жақсы көңіл-күй сыйлап, түрлі сыйлықтар ойнатады. Айтпақшы, аудан тұрғындары әлеуметтік желілерде концерттік бағдарламаларды дәл осы жерде ұйымдастыруды сұраған болатын.
 
Жетісу ауданында негізгі жаңа жылдық іс-шаралар Айнабұлақ-2 ш/а өтіп жатыр. Аудандағы «Арбат» көптен бері танымал демалыс орнына айналған, енді мұнда аудан халқы үшін эстрада жұлдыздарының қатысуымен концерттік бағдарламалар ұйымдастырылды.

Түрксіб ауданында мерекелік концерттер Сейфуллин даңғылындағы №6 оқушылар үйінің жанында өтіп жатыр. Мұнда концерттен бөлек, аниматорлардың қатысуымен түрлі ойындар, байқаулар ұйымдастырылған. 

Наурызбай ауданында көпшілік концертті жергілікті әкімдіктің алдында (Шұғыла ш/а, 347) тамашалай алады. Танымал әншілер халық сүйіп тыңдайтын әндерді орындаса, кеш жүргізушілері мен ертегі кейіпкерлері қызықты ойындар өткізіп жатыр. 

Естеріңізге сала кетейік, Медеу және Алмалы аудандарында Абай алаңы (16:00-21:00 аралығында) мен Астана алаңында (19:00-20:00 аралығында) 21 желтоқсаннан бері Nazima, Мирас Жүгінісов, MDee, Abdr, Ayau, Dequine, Yenlik, DJSlimKZ, grow kids театры, Galam және Ava band LIVE-бэндтері, Еркеш Хасен, Әли Оқапов, Ayree, D-band, Mercury band, Ademi, Elizat, IL Canto квартеті және KeшYou тобы сынды танымал әртістердің қатысуымен концерттік бағдарламалар жалғасып жатыр. Сондай-ақ балалар үшін аниматорлардың, Аяз  ата мен Ақшақардың қатысуымен түрлі ойындар, караоке және басқа да жарыстар өтуде.

Ал 31 желтоқсанда 20:00-ден бастап 00:00-ге дейін Астана алаңында Аybekman, Малика Yes, Диета KZ, Elizat, Парвиз Назаров, Индира Елемес, Қайрат Қапанов, Рано Умарова мен Әсел Таласан, Мәди Рымбаев, Ayafank, Нұржан Керменбаев, КешYou тобы, Шоқан, Луина, Tұрар,  «Alfa» тобы сынды эстрада жұлдыздарының қатысуымен концерт өтеді. Жаңа жылдық шаралар Астана алаңындағы мерекелік от шашумен аяқталады.