Алматылықтарға қай мерекеде ақшалай көмек беріледі?

Алматылықтарға қай мерекеде ақшалай көмек беріледі?
Сурет: 7kun.kz

Көмек көлемі 100 мың теңгеден басталады.

Алматылықтардың кейбір санатына 2022 жылы атаулы және мереке күндері қаржылай көмек көрсетіледі, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Алматы қаласының әлеуметтік әл-ауқат басқармасына сілтеме жасап.  

Қаланың кей тұрғынына Жеңіс күні мен Тәуелсіздік күнінде қаржылай көмек көрсетіледі.

9 мамыр – Жеңіс күніне орай төлем алатын тұрғындар:

Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне (олардың мәртебесі «Ардагерлер туралы» заңмен белгіленеді) – 500 мың теңге;

ҰОС ардагерлеріне теңестірілген ардагерлерге, сондай-ақ басқа мемлекеттер аумағындағы ұрыс қимылдарына қатысқан ардагерлерге – 100 мың теңге;

Ұлы Отан соғысы жауынгерлерінің жесірлеріне беріледі (бұл жағдайда қайтадан отбасы құрмаған әйелдер жесір деп саналады). Оларға 100 мың теңге көлемінде көмек көрсетіледі;

Ауғанстанда немесе басқа мемлекеттерде соғысқан әскери қызметшілердің ата-аналары мен жесірлеріне - 100 мың теңге.

16 желтоқсан – Тәуелсіздік күніне орай Алматыда 1986 жылғы Желтоқсан оқиғаларына қатысып, кейін ақталғандарға төлем жасалады. Оларға 150 мың теңге көлемінде көмек көрсетіледі.

Сондай-ақ келесі мерекелерге 1 млн теңге көлемінде әлеуметтік көмек қарастырылған:

Жаңа жыл – 1-2 қаңтар;

8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні;

Наурыз мейрамы – 21-23 наурыз;

1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі мерекесі;

Астана күні – 6 шілде;

Конституция күні – 30 тамыз;

Қазақстанның Тұңғыш Президенті күні – 1 желтоқсан.

Бұл көмек тұрғын үйге мұқтаж көп балалы отбасыларға ғана көрсетіледі.

Бөлінетін сома тұрғын үй сатып алуға арналған, оны «Отбасы банкінің» шотына аударады.