Алматыға Ресейден соғыс ардагерлерінің сүйегі әкелінді

Алматыға Ресейден соғыс ардагерлерінің сүйегі әкелінді
Сурет: Almaty.tv

«Атамның аманаты» қоғамдық бірлестігі осы уақытқа дейін Ұлы Отан соғысы жылдары жоғалып кеткен 1000-нан астам жауынгерді тапқан.

Араға 80 жыл салып, екі соғыс ардагерінің сүйегі Ресейден Алматыға жеткізілді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Қан майданда жаумен арпалысып, Отан үшін қаза болғандардың сүйегі түбінде елге жетті. Солардың бірі - Николай Гуров Сталинград түбіндегі шайқаста атты әскерді басқарып, ерліктің үлгісін көрсеткен. Алайда 1942 жылы хаты үзіліп, хабарсыз кеткен.

Ал Воронеж маңынан табылған Төрегелді Үркірбаевтың туыстары болмағандықтан, оның жерлеу рәсімін Жамбыл ауданы әкімшілігі өз мойнына алған.      

Құрылғанына 3 жыл болған «Атамның аманаты» қоғамдық бірлестігінің көмегіне 5 мыңнан астам қазақстандық жүгінген. Тіпті көршілес Қырғызстан, Өзбекстан, Ресейден туыстарын іздеушілер көп хабарласатын көрінеді. Қызметіне ақы алмайтын еріктілер бұл міндетін абырой санайды.  

Биыл елге Ұлы Отан соғысына қатысқан 11 отандасымыздың сүйегі әкелініп, жер қойнына тапсырылды. Бұл – баланың баба алдындағы, тарих алдындағы міндеті.