Алматыдағы цифрландыру жөніндегі жобалар сервистік негізде енгізілуде

Алматыдағы цифрландыру жөніндегі жобалар сервистік негізде енгізілуде
Сурет:Pltf.ru

2020 жылы 23 салалық жоба жүзеге асырылды, оның 6-уы жасанды интеллект алгоритмдерін қолданады.

Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев «Алматы» телеарнасындағы кезекті тікелей эфир барысында қала шаруашылығын цифрландыру жөніндегі жобалар туралы айтты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

«Қала сервис ретінде: 24/7» тұжырымдамасын іске асыру аясында білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және көлік инфрақұрылымы салаларын цифрландыру жөніндегі жобалар digital-almaty.kz порталында жарияланған. IТ-компанияларының өкілдері 49 бағыттың бірін таңдап, өздерінің шешімдерін ұсына алады.

Сервистік әдістердің арқасында белгілі бір бағытта салалық құзыреті бар кәсіпорындар пайда болады әрі бизнесі өз өнімдерінің сапасын жақсарту үшін қаржы бөлуге дайын болады. Өз кезегінде, азаматтардың немесе мемлекеттік органдардың кері байланысы негізінде қала дамиды немесе сапаны бағалау жүйесі негізінде нақтылы қызметті қалыптастырады.

2020 жылы 23 салалық жоба жүзеге асырылды, оның 6-уы жасанды интеллект алгоритмдерін қолданады. Мысалы, қоғамдық қауіпсіздік саласында «Сергек» жобалары, 1000 камераға арналған бейнемониторинг жүйесі, ТЖ болжау жүйесі, өртті анықтауға арналған жылу бейнелеу камералары, қауіпсіздік жөніндегі ситуациялық орталық, бағдаршамды басқарудың автоматтандырылған жүйесі және БКДҚ.

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында — инженерлік желілердің мониторинг жүйесі, көрсеткіштерді қашықтықтан жіберетін есептегіштері бар құрылғылар, пәтер иелері мен қызмет көрсететін ұйымдар арасындағы өзара іс-қимыл жүйесі, көше жарықтарын басқару жүйесі. Қаланы басқару бойынша – сатып алуға және қаланы жоспарлауға қолжетімділік, бюджеттік бағдарламалардың орындалуын мониторингілеу, қаланың ситуациялық орталығы, мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру.

Білім беру саласында — спорт мектептерін басқарудың автоматтандырылған жүйесі, мемлекеттік білім беру мекемелеріндегі қауіпсіздіктің кешенді жүйесі, қаланың барлық мектептерінде бухгалтерияны орталықтандыру жөніндегі жоба.