Алматыда жұмыссыз жүрген жастарға жаңа мүмкіндік берілді

Алматыда жұмыссыз жүрген жастарға жаңа мүмкіндік берілді
Сурет: Avesta-news.kz

Дипломы бар жастар ақылы түрде тәжірибеден өтіп, жұмыс істей алады.

Алматыда дипломы бар, бірақ үш жылдан бері жұмыссыз жүрген жастарға жаңа мүмкіндік беріліп отыр. 29 жасқа дейінгі жастар «Еңбек» бағдарламасы аясында тәжірибеден өтіп, жұмыс істей алады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Алматы жастарына жасап жатқан жаңа мүмкіндіктер туралы 1 шілде күні қалалық халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Диляра Иманқұлова «Мемлекет басшысының Алматыдағы қазіргі таңдағы жұмыс орындарын сақтау және жаңа жұмыс орындарын құру жөніндегі тапсырмаларын орындау» тақырыбында өткен онлайн баспасөз мәслихатында айтты.

«Еңбек» бағдарлама аясында бізде «Жастар тәжірибесі» атты бағдарлама жүзеге асты. Бұл бағдарлама бойынша бізге сұраныс, өтініш білдіретін жастар көп. Олар - жоғарғы оқу орындарының, арнайы орта білім беру оқу орындарының түлектері. Әдетте бізде жұмыс берушілер жұмысқа тәжірибесі бар мамандарды алады. Ал дипломы бар жастардың басым көпшілігінің тәжірибесі жоқ. Сол себептен олар бағдарлама аясында ақылы түрде тәжірибеден өтеді. Тәжірибеден өту жұмысы 25 АЕК болады, бірақ Алматы үлкен шаһар болғандықтан, 35 АЕК төленеді. Осы бағдарлама аясында жұмыс берушілер де жұмыс істегісі келетін мамандарды тауып жатыр», – деді Алматы қаласы халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Диляра Иманқұлова.