Алматыда «Жамбыл. Жаңа дәуір» тарихи фильмінің алғашқы көрсетілімі өтті

Алматыда «Жамбыл. Жаңа дәуір» тарихи фильмінің алғашқы көрсетілімі өтті
Сурет: Almaty.tv

Фильм Жамбыл Жабаевтың өмірінің соңғы 9 жылын қамтиды.

19 желтоқсан күні Алматы қаласындағы Chaplin MEGA Alma-Ata кинотеатрында «Жамбыл. Жаңа дәуір» көркем фильмінің пресс-көрсетілімі өтті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Inbusiness.kz cілтеме жасап.

Фильмнің оқиғалар желісі Жамбыл Жабаевтың өмірінің соңғы 9 жылын қамтиды. Дәл осы кезеңде ақынның аты бүкіл Кеңес Одағына дүркірей танылған болатын, бірақ ақынның басына түскен бар атақ-даңқтың басқа қырын бірі білсе, бірі білмейді.

Жамбыл Жабаев тоқсанға келгенде Қазақстан өнерпаздарының екінші слетіне қатысып, ақындар арасында бас жүлде алады. Оның Сұраншы батыр жайлы дастанын Қалмақан Әбдіқадыров қолма-қол жазып алып, газетке басады. Осы оқиғадан соң, совет идеологиясын жасаушылар Жамбылдың абыройы мен танымалдығын пайдалануға кіріседі. Жамбыл тұлғасымен толықтай айналыса бастайды. Оның көптеген өлеңдерін совет саясатына теліп бұрмалайды. Алайда, Жамбыл бұған дейін де қазақ арасында зор абырой мен кең танымалдыққа ие болатын. Ол өзінің өлеңдерін бұрмалаушылармен келісімге келгісі жоқ еді. Бірақ совет билігі қолдағы бар тетіктерді пайдалана отырып, оның асау басын ноқтаға сыйдыруға тырысады. Міне, фильм желісі суырып салма ақынның өмірінің осы тұсына көбірек мән береді.