Алматыда тұңғыш рет ұстаздардың педагогикалық идеялар фестивалі өтуде

Алматыда тұңғыш рет ұстаздардың педагогикалық идеялар фестивалі өтуде
Сурет: Firestock.ru

Фестиваль бір аптаға жалғасады

Аталмыш іс-шараға республикалық білім беру саласының басшылары мен мектеп мұғалімдері және жоғары оқу орындарының оқытушылары қатысты. Жиынның мақсаты – қазақстандық мұғалімдердің пікірталас алаңдарын құру және білім берудің барлық деңгейлерінде сабақтастықты қамтамасыз ету.  

«Педагогикаға Мемлекет басшысы үлкен назар аударып жатыр. Сонымен қатар үздіксіз білім беру концепциясын жүзеге асыру. Ол біздің басты мақсаттарымыздың бірі. Осы тұрғыда бірнеше оқу орнымен кәсіби білікті арттыру бойынша меморандумға қол қойдық», – деді Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің ректоры Гүлмира Қанай.

Бір аптаға созылатын фестиваль аясында отандық жетекші әдіскер мұғалімдер болашақ педагогтерге ашық сабақтар мен шеберлік сыныптарын өткізбек.  

«Бүгінгі педагогикалық идеялар фестивалінде тың идеялар мен өзекті мәселелер айтылады. Біз қауымдастық ретінде республикалық көлемде бірігіп жұмыс істеуге дайынбыз», – деді республикалық «Білім инвест» инвесторлық қауымдастығының вице-президенті Күләнда Батырбекова.