Алматыда шахматтың рапид және блиц түрінен әлем чемпионаты ашылды

Алматыда шахматтың рапид және блиц түрінен әлем чемпионаты ашылды

Балуан Шолақ атындағы спорт және мәдениет сарайында шахматтың рапид және блиц түрінен әлем чемпионаты ашылды.

Салтанатты ашылу рәсіміне халықаралық шахмат федерациясының президенті Аркадий Дворкович, Алматы әкімі Ерболат Досаев, Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев, әлем чемпионатына қатысушы елдердің елшілері, мемлекет және қоғам қайраткерлері қатысты.

 

«Алматыға әлемнің үздік шахматшылары жиналды. Осындай маңызды жарысты өткізуге атсалысқан Халықаралық шахмат федерациясына алғысымды білдіремін. Мұндай әлемдік жарыстың Қазақстанда өтуі спорттың бұл түрін елімізде дамытуға көмектесетіні сөзсіз. Еліміздің шахматшылары ересектер мен жасөспірімдер арасында да ірі халықаралық жеңістерге жетіп жүр. Біз шахматты елімізде әрі қарай дамытуды жалғастырамыз», – делінген Президент құттықтауында.


Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
«Шахматтан Әлем чемпионатының Алматыда өтуі – біз үшін үлкен мәртебе. Бұл шара шаһарымыз үшін осы жылдың соңғы ауқымды жарысы. Қала қонақтары Алматының жылы шырайын сезінеді деген үміттемін. Шын мықты жеңіске жетсін», – деді қала басшысы Ерболат Досаев.
Өз кезегінде  Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев халықаралық жарыстың еліміз үшін оң әсер ететінін айтты.


«Алматы әкімдігіне жарысты ұйымдастырып, қонақжайлық танытқаны үшін алғыс айтамын. Бұл турнирдің еліміз үшін оң әсер ететініне толық сенімдімін. Мыңдаған балаларымыз осы жарыстан соң шахматпен айналысып, олардың арасынан болашақ чемпиондар шығатынына сенімдімін. Жарысқа қатысушыларға сәттілік тілеймін», – деді Д.Абаев.

Жаһандық додаға 50 елдің үздік 290 шахматшысы қатысады. Ашық турнирге 176 ойыншы қатысады. Сайыстың фавориті - соңғы 10 жылдағы әлем чемпионы Магнус Карлсен (Норвегия).

    Әйелдер турнирінде 100-ден астам спортшы бақ сынайды. Қазақстанның намысын әлемге әйгілі шахматшылар Жансая Әбдімәлік пен Бибісара Асаубаева қорғайды.

    Чемпионат 26-28 желтоқсан аралығында рапид ойындарымен басталады, блиц ойындары 29-30 желтоқсан аралығында өтеді. Сол күні жеңімпаздарды марапаттау және жарыстың жабылу рәсімі болады.

2022 жыл ФИДЕ шахматтағы әйелдер жылы деп жарияланды. Осы іс-шара аясында 2022 жылғы 27 желтоқсанда ФИДЕ басқарушы директоры, әйелдер гроссмейстері Дана Рейзниеце-Озола шеберлік сағатын және талантты қазақстандық қыздарға арнап бір мезгілде ойын сеансын өткізеді.

  Жарыс күндері төрешілер корпусына арналған ФИДЕ семинарлары, балалар мен барлық әуесқойға арналған бір мезгілде ойын сеанстары мен блицтер, IT саладағы бағдарламашылар үшін жеке турнир өтеді.

   Турнирдің ұйымдастырушылары ФИДЕ және Қазақстан шахмат федерациясы. Чемпионат Алматы қаласы әкімдігінің және Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен өткізіледі.

Шахмат сайысына билеттерді сату сервисінен алуға болады, балаларға кіру тегін. Бұған қоса, турнир chess24.com және chess.com сынды жаһандық онлайн алаңдарда көрсетіледі.

  Чемпионат кестесі мен бағдарламасын чемпионаттың worldrapidandblitz2022.fide.com сайтынан білуге болады.