Алматыда ресейліктерге қызмет көрсететін ХҚКО-да кезек көбейген

Алматыда ресейліктерге қызмет көрсететін ХҚКО-да кезек көбейген
Сурет: Тengrinews.kz

ХҚКО-да бір күнде шетелдіктердің 3-3,5 мың өтінімі қаралады.

Алматыда шетелдік азаматтарға ЖСН беру үшін ашылған арнайы ХҚКО-да ұзын-сонар кезек пайда болды, - деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Әлеуметтік желіде ХҚКО-лардың біріне ЖСН алуға келген Ресей азаматтары жиналған ұзын-сонар кезек видеосы пайда болды.

«Азаматтарға арналған үкімет» КЕАҚ Алматы бойынша филиалының баспасөз қызметі мәліметінше, кезек шынымен бар, бірақ бұл мәселе шешіліп жатыр және Ресей Федерациясы азаматтары 2-3 минут ішінде қызмет алып жатыр. Бұл ретте ресейліктер кезегі Жетісу ауданы, Құлагер шағынауданы, Қазыбаев көшесі, 286 в мекенжайы бойынша Құлагер шағынауданындағы ФОК (спорттық-сауықтыру кешені) ғимаратында арнайы ұйымдастырылған бір ғана ХҚКО-да байқалады.

«Олар ешкімге кедергі жасамайды. Бұл жұмысы күшейтілген халыққа қызмет көрсету орталығы. Онда алдымен 20 жұмыс орны бөлінген, қазір 40 қызметкер қызмет көрсетіп жатыр. Ресейліктерге көші-қон қызметінің қызметкерлері де кеңес беріп жатыр», - деді баспасөз қызметі өкілдері.

ХҚКО-да бір күнде шетелдіктердің 3-3,5 мың өтінімі қаралады. Бұл әдеттегі жүктемеден 50 пайызға артық. Қызметкерлер 09:00-ден 20:00-ге дейін, талон алған соңғы клиентке дейін жұмыс істейді. Клиенттерге ыңғайлы болу үшін ХҚКО-ға ауыз су әкелінеді және шетелдік азаматтардың түнде қалатын жері болмаған жағдайда орындар беріледі.