Алматыда «Подсолнух» фильмінің алғашқы көрсетілімі өтті

Алматыда «Подсолнух» фильмінің алғашқы көрсетілімі өтті
Almaty-akshamy.kz

Қазақстандық фильм әлемдік кинофестивальдерде 50-ге жуық жүлдеге ие болып үлгерген

«Қазақфильм» киностудиясы алғашқы атауы «Причал» болған «Подсолнух» фильмінің түсірілімін 2019 жылы аяқтады, алайда пандемия салдарынан бүгінге дейін тұсауы кесілмеген картина түрлі фестивальдерге ұсынылған. Эли Гильманның драмасы 27 халықаралық кинофестивальде түрлі номинациялар бойынша 47 жүлде жинады. Кинокартина ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша түсірілген.

«Подсолнух» - ата-ана арасындағы түсініспеушілік салдарынан күйзеліске ұшыраған отбасы өмірінен сыр шертетін драмаға толы шығарма. Әке-шешесі өз сұрақтарына жауап іздеп жүргенде қараусыз қалған бала үйде де, түзде (мектепте) де орнын таппай, кемсіту мен қорлықтың бар азабын тартады. Қауіпсіз мекен іздеген Әмір компьютер ойындарының әсерлі әлеміне еніп, өзінің қалай ойынқұмарға айналғанын байқамайды.

Режиссердің айтуынша, «Күнбағыстың» негізгі идеясы – адамдар арасындағы қарапайым қарым-қатынастың маңыздылығы, оның бүгінгі күні жетіспеушілгі. Әлеуметтік қысым, жалғыздық, белгісіздіктен қашу тақырыптары барлық мәдени ландшафттарда қиылысады. Мұның өзі фильм идеяларын адамдар үшін өзекті етеді. Біздің көпшілігімізге жанашырлық, түсіністік, мейірімі жетіспей жатады, сондықтан бұл идеялар ұлттық деңгейден асып, адамзаттың мәселелерін көтереді.

«Бұл проблема барлық отбасыларға тән дер едім. Менің өзім ана ретінде осындай сынақтан өтіп, іштей тынған балама сөзімді жеткізе алмаған шақтарды бастан кешірмесем, бұл картина тумас та еді... Олар бүгін көрсетілімге келу керек еді. Өкінішке орай, келмеді. Біз фильм титрларында баланың атын жазбадық, бірақ басты кейіпкер – өмірден өткен жеткеншектің прототипі. Тіпті, бас актерді таңдағанда да сол баланың келбетіне ұқсас адамды іздедім. Картинаны аталған отбасыға арнаймын», - деді режиссер Эли Гильман. 

Сценарийін Расул Шыбынтай жазған фильмдегі басты рөлді жас актер Рашид Мусин ойнаса, оның анасын Сербиядан келген актриса Слобода Мичалович сомдады. Одан бөлек, түсірілімге танымал актер Кирилл Кяро қатысты.

«Оқушылар арасындай мұндай оқиғалар жиі орын алады. Достарымыздың арасында осы мәселені үнемі көтереміз. Себебі, бұл тек балаға ғана емес, ата-анаға, тіпті, бар қоғамға қатысы бар проблема. Фильмдегі кейбір кадрлардың Назарбаев мектебінде түсірілуі де бір символикалық мәні бар кездейсоқтық сияқты», - деді Рашид.

«Подсолнух» фильмі келесі жылдың сәуір айында лонг-прокат түрінде жүретінін ескертеміз. Яғни, лонг – дегеніміз ұзақ мерзімді көрсетілім болатынын білдіреді. Ара-тұра кинотеатрлардың афишасына ілініп, көрсетіліп тұрады. Қалаған уақытыңызда барып, тамашалай аласыз.