Алматыда Паркинсон ауруына шалдыққан 28 науқасқа операция сәтті жасалды

Алматыда Паркинсон ауруына шалдыққан 28 науқасқа операция сәтті жасалды
Сурет: Ult.kz

 Алматыда Паркинсон ауруын хирургиялық емдеу орталығы ашылғанына - жеті ай. 

Содан бергі аралықта Президенттің Іс басқармасына қарасты клиникада 28 операция сәтті жасалды. Олардың дені міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында өтті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап. 

Орталық клиникалық ауруханада күрделі отаны белгілі нейрохирург, медицина ғылымдарының кандидаты Шыңғыс Шашкин бастаған білікті үш дәрігер жасайды. Ш.Шашкин ми мен жұлынға нейростимулятор импланттауға маманданған еліміздегі алғашқы нейрохирург.

«Алматыда квота бойынша операция жасалған алғашқы адамның жасы – жетпісте. Ол 8 жыл бұрын аурудың асқынған түріне шалдыққан. Қазақстан бойынша мұндай аурулардың саны 30 мыңға жуықтайды, көбісі егде тартқан адамдар. Дегенмен, өз тәжірибемде 25 жастағы науқасты да көрдім», – дейді дәрігер.

Шыңғыс Шашкин операцияның қалай жасалатынын айтып берді. Ол үшін науқастың миына жіңішке электрод енгізіліп, ол бұғана сүйегінің төменгі тұсында терінің астына орнатылған нейростимуляторға қосылады. Әрине, науқас операциядан кейін құлан таза айығып кетпейді. Бірақ бұлшықеті істемей қалған жандардың өмірі айтарлықтай жақсарады.

Әлемде биостимулятор салу бойынша алғашқы операция 1987 жылы жасалған. Қазір нейростимуляция тәсілі АҚШ-та, Еуропа мен Азияның бірқатар елінде қолданылады. Бұл әдіс Қазақстанда тұңғыш рет 2013 жылы тәжірибеден өткізілді. Содан бері күрделі операция Астана мен Қарағандыда жасалып келген болатын.

«Орталық клиникалық аурухана базасында Паркинсон ауруын емдейтін хирургиялық орталықтың ашылғаны тамаша шешім болды. Еліміздегі халықтың алпыс пайыздан астамы оңтүстік өңірлерде шоғырланған. Олардың осыған дейін өздері тұратын өңірде тегін емделуге мүмкіндігі болмаған еді. Қазір тегін отаға 29 адам кезекте тұр», – дейді Ш.Шашкин.

Хирург Паркинсон ауруының алдын алу үшін салауатты өмір салтын сақтап, көбірек қозғалып, дұрыс тамақтану керектігін айтады.