Қазақстанда «Қала құрылысы» кодексі қабылданады

Қазақстанда «Қала құрылысы» кодексі қабылданады
Сурет: Inbusiness.kz

Міндеттерді іске асырудың негізгі тетіктері пысықталды. 

«Қала құрылысы» кодексін қабылдау үшін Жол картасы әзірленіп, бекітілді. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Ведомство басшысының айтуынша, Президент халыққа арнаған Жолдауында министрліктің алдына бірқатар маңызды міндет қойған. Қазіргі уақытта аталған міндеттерді іске асырудың негізгі тетіктерін пысықтады.

«Біріншіден, «Қала құрылысы» кодексін қабылдау үшін жол картасы әзірленіп, бекітілді. Сонымен бірге құқықтық және талдамалық мониторинг жүргізу үшін жұмыс тобы құрылып, оның құрамына Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институты, Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту мен дамытудың қазақстандық орталығы, «ҚазжолҒЗИ», «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы және бизнес-қоғамдастық өкілдері кірді», - деп атап өтті министр.

Сонымен қатар мемлекеттік қала құрылысы кадастрының ақпараттық жүйесі базасында әрбір ірі қала бойынша жер учаскелерінің функционалдық интерактивті карталарын және коммуналдық желілердің схемаларын құру жоспарлануда.

«Өнеркәсіптік мақсаттағы учаскелердің карталары Көлік және коммуналдық инфрақұрылымның өзекті схемаларымен толықтырылатын болады. Жүйе жергілікті атқарушы органдар берген мәліметтерді ескерсек, 514 мың гектар аумақтан инфрақұрылымдық деректердің 65 пайызын қамтиды. Базаға 191 бас жоспар және 661 егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы цифрландырылып, енгізілген. Желілердің қалған 35 пайызын 2024 жылға дейін цифрландыруды жоспарлап отырмыз», - деді Қайырбек Өскенбаев.