Алматыда Nur Otan партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек қабылдау өткізді

Алматыда Nur Otan партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек қабылдау өткізді
Сурет: Kaznovosti.kz

Партияның атына жазылған өтініштің 74%-ы интернет арқылы жолданған.

Бауыржан Байбек бір кездері қиын жағдайға душар болған алматылық отбасылармен жолықты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz «Астана» телеарнасына сілтеме жасап.
   
Алматылық полицей Аян Ғалиев осыдан 5 жыл бұрын террористердің қолынан қаза тапқан болатын. Қызмет барысында қаза тапқан полицейдің артында қалған екі баласы мен жарына қолдау көрсетіліп, Елбасының атынан пәтер кілті табысталған еді. Жаңадан қоныстанғандарға үйді жөндеуге көмек берілді. 

«Бұл трагедия болған кезде, балаларым мен олардың болашағы үшін қатты алаңдадым. Өйткені, біз асыраушымыздан айрылып қалдық. Бірақ, кейін біз жалғыз емес екенімізді ұғындық. Бізге мемлекет, Елбасы ауқымды көмек пен қолдау көрсетті. Бізге сыйға берілген пәтер мен ерекше назар аударғандары үшін алғысым шексіз», - деді Аян Ғалиевтың жесірі Анар Асанова. 

 «Елбасы тарапынан біз көп балалы аналарға көмек жасадық. «Бақытты отбасы» жобасын бастадық. Қала тарапынан да көмек болды, жергілікті бюджеттен, жалпы, республикадан көп жағдай жасалып жатыр. Бұдан бөлек көмекке зәру жанұяларға Nur Otan партиясының мүшелері де белсенді түрде көмек көрсетіп келеді. Соңғы 3 жылда партиялықтар 500 мыңға жуық адамды қабылдап, мұң-мұқтажына құлақ асқан. Өтініштің 74%-і интернет арқылы жолданған», - деді Nur Otan партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек.