Алматыда квадроциклдегі балаларды қағып кеткен жүргізуші сотталды

Алматыда квадроциклдегі балаларды қағып кеткен жүргізуші сотталды
Сурет: Stendahlsbil.se

Ол кінәлі деп танылып, 2 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды.

Алматы полицейлері өткен жылы жол-көлік оқиғасы салдарынан балаларды қағып кеткен жүргізуші сотталғанын жеткізді, деп хабарлайды Almaty-akhamy.kz.

Мамандардың айтуынша, бұл жол-көлік оқиғасы 2020 жылы 25 шілдеде «Алатау» ықшамауданында орын алған.

 «Жүргізуші А.А.Арыстанов, «Toyota Camry» маркалы көлікті басқара отырып, «Алматы-Көкпек-Көктал-Алатау» тас жолы бойымен батыс бағытта жүріп келе жатты. Шамамен 20 сағат 55 минутта А.А.Арыстанов Жол қозғалысы ережесінің 10.1-тармағының талаптарын бұза отырып, қозғалыс қарқындылығын жол және метеорологиялық жағдайларды, атап айтқанда, жүру бағытында көрінуді ескермей, қозғалыс жылдамдығын таңдамай, жол ережесін сақтау мақсатында көлік құралының қозғалысын үнемі қадағалап отырмай, жол учаскесінде - «Алатау» шағынауданынан батысқа қарай 134 метрде, ЖҚЕ 8.1, 11.1 тармақтарының талаптарын ескермей, қауіпті маневр жасаған кезде, қарама-қарсы жолақтың бос екендігіне көз жеткізбей және осы маневр арқылы басқа жол қозғалысы қатысушыларына ешқандай кедергі жасамайтынына сенімді болмастан, қарсы жолақта келе жатқан төрт дөңгелекті квадроциклмен соқтығысу жасады», – дейді Алматы қалалық полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Рүстем Әбдрахманов.

Алматы қалалық полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, квадроциклды 16 жасар жасөспірім басқарып келген. Осы жол-көлік оқиғасының салдарынан мотоқұралының жүргізушісі медициналық мекемеде алған жарақаттарынан қайтыс болған. Оның жолаушысы 4 жасар қыз ауыр жарақат алған.

Сот шешімімен А.А.Арыстанов Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 345-бабы 3-бөлігінде көзделген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған осы бап бойынша 2 (екі) жыл 6 (алты) ай мерзімге бас бостандығынан, 4 (төрт) жыл мерзімге көлік құралдарын басқару құқығынан айыру жазасы тағайындалды, жазасын ең төменгі қауіпсіздіктегі қылмыстық сот жүйесі мекемелерінде өтейді. «Үйқамаққа алу» түріндегі бұлтартпау шарасы өзгертіліп, А.Арыстанов сот залында қамауға алынды.