Алматыда коронавируспен ауырғандарға психологиялық қолдау көрсетілуде

Алматыда коронавируспен ауырғандарға психологиялық қолдау көрсетілуде
Сурет: Almaty-akshamy.kz

Алматыда Психикалық денсаулық орталығының базасында бір айға жуық уақыт ішінде инфекциялық стационар ашылды.

Оның жұмысы және COVID-19 диагнозы расталған адамдарға, науқастардың туыстарына, сондай-ақ коронавирустық пандемияға байланысты жұмысынан айырылған адамдарға қандай психологиялық қолдау көрсетілетіні туралы орталық директоры Сапар Рахменшеев Өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде айтты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Сапар Рахменшеевтің айтуынша, орталық базасындағы ковидтік стационар жұмыс істеп тұрған кезеңде ауру ағымының түрлі дәрежесімен 864 науқас түсті, 435 науқас шықты, 8 адам қайтыс болды.

Ол ауыр дәрежелі барлық науқастарға коронавирус инфекциясына қарсы екпе салынбағанын атап өтті.

«Қазіргі уақытта біз бәрімізде белгісіздік, күйзеліс және COVID-19 инфекциясының қаупі туралы алаңдаушылық бар. Коронавирустық инфекцияның таралуы бүгінде ушығып тұр, жаңа штамдар, «толқындар» пайда болуда», - дейді Сапар Рахменшеев.

Алматы Психикалық денсаулық орталығының директоры қазіргі жағдайға байланысты тұрғындар арасында үрейге жол бермеу өте маңызды екенін атап өтті. Маман карантиндік шектеулер кейбір адамдардың эмоционалды жағдайына кері әсер ететінін де айтты.

«Біз коронавирустық инфекциясына шалдыққан науқастардың есту қабілетінің нашарлағанын, тез ашуланатынын, үрейленетінін, тіпті агрессияны байқаймыз. Мұның бәрі оларға дерт кезінде дұрыс тыныс  алмауы салдарына болған психикалық ауытқушылық. Бірақ, мұның бәрі уақытша құбылыстар. Емделіп шыққан соң біздің мамандар пациенттермен дәрі-дәрмектерсіз, сенім телефоны арқылы жұмыс жасайды», - дейді Сапар Рахменшеев.

Ол бүгінде қала тұрғындарын тек вирустан ғана емес, сонымен бірге ақпараттық ағыннан да секемденетінін айтты.

«Әрине, адамдар ақпарат алулары керек, бірақ жергілікті денсаулық сақтау органдары сияқты сенімді көздерден алынған ақпаратқа жүгіну керек. Жалған ақпаратқа сенбеген абзал», - деп қосты Сапар Рахменшеев.

Ол алматылықтардан өзін-өзі емдемеуді, бірақ сұрақтар туындаған жағдайда Телемедицина орталығының телефонына хабарласуды өтінді. Бүгінде 11 632 науқасты дәрігерлер қашықтан бақылауда.