Үкіметте оқу жылына дайындық талқыланды

Үкіметте оқу жылына дайындық талқыланды
Сурет: Рrimeminister.kz

2021-2022 оқу жылында Қазақстанның 7475 мектебінде 3,4 млн-нан астам адам, оның ішінде 1 сыныпта 380 мыңнан астам бала оқитын болады.

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында оқу жылының басталуына дайындық барысы қаралды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Рrimeminister.kz сайтына сілтеме жасап.

Оқу дәстүрлі форматта жүргізіледі. Вакцина алған педагогтер жұмысқа жіберіледі. Қазіргі уақытта вакциналауға жататын педагогтер мен білім беру мекемелерінің басқа қызметкерлерінің 88,4%-ы вакцина алды. Үкімет басшысы оқушылар мен педагогтердің қауіпсіздігі мен денсаулығын сақтауды қамтамасыз ету бойынша ұйымдастырушылық мәселелерді барынша тездетіп шешу қажеттігін атап өтті. Білім және ғылым, денсаулық сақтау министрліктеріне, өңірлердің әкімдіктеріне жаңа оқу жылында мектепке дейінгі және орта білім беру ұйымдарында, сонымен қатар колледждер мен жоғары оқу орындарында оқуды штаттық режимде қамтамасыз ету тапсырылды.  Бұл ретте әрбір мектепке дәстүрлі форматта оқу бойынша нақты ұсынымдар жеткізілуі тиіс.

Премьер-Министр осы жылғы 25 тамызға дейін медициналық қарсы көрсетілімдері бар адамдардан басқа, педагогтар мен техперсоналды вакциналаумен 100% қамтамасыз етуді, осы жылғы 20 тамызға дейін мектептерді санитариялық талаптарға сәйкес (кварцтеу, дезинфекция, маска режимі, күнделікті термометрия және т.б.) қабылдауды аяқтауды тапсырды.  Барлық білім беру ұйымдарында педагогтер, қызметкерлер мен ата-аналар үшін  Ashyq жүйесі енгізіледі. Үкімет басшысы 25 тамызға дейін, ең алдымен, кестеден кешігіп отырған Павлодар және Түркістан облыстарында оқулықтарды мектептерге кестеге сәйкес толығымен жеткізуді тапсырды.